Санжар Боқаев 10 жылға сотталды

Бүгін, 18:01 / Інжу Әлихан

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соттың мәліметінше, 2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Б. компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге халықаралық автожарыс өткізуге қатысты екі шарттың жасалуын ұйымдастырған.

"Сомасы 47,9 млн теңгені құрайтын шарттардың бірі Б.-ның жиені К. басшылық ететін «BM Trust» ЖШС-мен жасалған. Бұл ретте халықаралық автожарысты іс жүзінде ұйымдастыруды «We Can» ЖШС жүзеге асырған.Қызмет құнын негізсіз жоғарылату және нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған.

Аталған мән-жайлар шарттар, сметалық құжаттама, банктік үзінді көшірмелер, сот-экономикалық сараптамасының қорытындысы және куәлардың айғақтары негізінде анықталды. Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алуға және «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған. Жиһаз сатудан түскен түсім шамамен 9,7 млн теңгені құраған", – делінген жазбада.

Белгілі болғандай, 2025 жылғы қыркүйекте Б. Н.-мен бірлесіп, Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған.

"Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақы үшін тақталарды құлпытас жасау шеберханасына жеткізген. Кейіннен Б. болған оқиғаның бейнежазбасын Instagram әлеуметтік желісінде өзі анықтаған ұрлық фактісі ретінде жариялаған.
Б.-ның ұйымдастырушылық рөлі оның ұялы телефонынан табылған ұрлықты тікелей орындаушы Х.-мен хат алмасу негізінде анықталды. Хат алмасу мазмұнынан Б.-ның орындаушының әрекеттерін үйлестіргені көрінеді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Б. мен Н. арасындағы телефон арқылы сөйлесудің аудиожазбасы зерттелді. Онда гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру мәселесі талқыланған. Дауыстың Б.-ға тиесілі екені соттың бейнефонографиялық сараптамасымен расталды.
Бұл мән-жайлар куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен және ұялы телефондарды қарап-тексеру материалдарымен расталды", – делінген жазбада.

Сондай-ақ 2025 жылғы қазанда Б. мен Н. Баума тоғайында жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал – 213 мың теңге.

"Б.-ның нұсқауы бойынша ағаштарды кесу ұйымдастырылған. Ақша қаражаты тікелей орындаушы Х.-ға берілген.
Ағаштар кесілгеннен кейін Б. мен Н. оқиға орнына келіп, бейнетүсірілім жүргізген және болған оқиғаны құрылыс компаниясының қызметімен, сондай-ақ аумақты тұрғын үй құрылысына дайындаумен байланыстырған материалды жариялаған.
Ағаштарды кесуді ұйымдастыру мән-жайлары тікелей орындаушылардың айғақтары, телефон арқылы хат алмасу, абоненттік қосылыстар туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелер және Н.-ның мойындау көрсетілімдері негізінде анықталды. Ағаштарды заңсыз кесудің тікелей орындаушылары бұған дейін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының үкімімен сотталған", – делінген соттың ақпаратында.

Сот Б. мен Н. жариялаған бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты бейнематериалдарды зерттеді. Бейнероликтердің бірінде Алматы қаласындағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені туралы хабарланған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Басқа жарияланымда «Атакент» көрме кешені аумағын кешенді қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға арналған шығындар ретінде көрсетілген. Іс жүзінде жобаға субұрқақ кешендерін, инженерлік құрылыстарды, суару жүйелерін салу, көгалдандыру, жабындарды жаңарту және басқа да жұмыстар кірген.

Жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні бейнематериалдарды конкурстық және жобалық құжаттамамен, мемлекеттік сатып алу порталының мәліметтерімен, куәлардың айғақтарымен және сарапшылардың қорытындыларымен салыстыру арқылы анықталды.
Бұған дейін мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, квазимемлекеттік секторда және «Нұр Отан» партиясында жұмыс істеген Б. мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру тәртібі бойынша кәсіби тәжірибе мен білімге ие болған.
Сонымен қатар, оның ұялы телефонынан жаяу жүргіншілер өткелдерін күрделі жөндеуге қатысты конкурстық құжаттама қоса тіркелген хат алмасу анықталған. Онда нысандар саны мен көзделген жұмыстар туралы мәліметтер болған.

Бұл мән-жайлар Б.-ның конкурстық құжаттаманың нақты мазмұнынан хабардар болғанын көрсетеді және оның ықтимал адасуы туралы уәждерін жоққа шығарады.

Сот үкіміне сәйкес, Б.-ға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 10 жыл мерзімге БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.  Б. ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

К.-ға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазамен сіңіру жолымен Н.-ға түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, 5 жыл мерзімге аталған қызметпен айналысу құқығынан айыру, пробациялық бақылау белгілеу және мәжбүрлі еңбекке тарту жазалары тағайындалды.
Б. мен К.-дан «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің кәсіподағының пайдасына ортақ тәртіппен 42 177 137 теңге өндірілді.