ҚазҰУ мен Өзбекстан университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін, 17:18 / Інжу Әлихан
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзілік ғылым күніне орай «Жаһандық коммуникация: өркениеттік дамудың ұлттық ақпараттық моделі және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара аясында дәстүрлі V Кенжалин оқулары ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алқалы жиынға БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдері, Қытай, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар, сондай-ақ отандық белгілі медиа мамандары мен БАҚ басшылары қатысты.

Іc-шараны ашқан ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов университеттің халықаралық ынтымақтастығы мен білім беру саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, ҚазҰУ дипломы әлемнің 50 елінде танылады, ал университет қабырғасында 9 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда.

Жиында Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке ерекше назар аударылды. Екі ел университеттері білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, филиалдар ашып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде тікелей ынтымақтастық жөнінде 470-тен астам келісім жасалған. Өзбекстан азаматтары елімізде білім алса, көрші ел қазақстандық жастарға өз ЖОО-ларында тегін оқуға арналған білім гранттарын бөліп отыр.

Конференцияға Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Равшан Райимжанов қатысты. Кездесу барысында ҚазҰУ мен Өзбекстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Басқосуда «Халқ сўзи» газетінің жауапты хатшысы, Өзбекстан университетінің оқытушысы Нұрлан Усманов, BBC-дің бұрынғы журналисі, профессор Мұхаммед Шераз және Эфиопиядан келген PhD Хафтаму Кирос Текаре баяндама жасады. Қатысушылар жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалын және медиа мамандарын даярлаудағы жаңа талаптарын ортаға салды.

Бағдарламаның жеке бөлімі белгілі журналист, қоғам қайраткері Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығына арналды. V дәстүрлі Кенжалин оқулары аясында оның өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. Қайраткердің жұбайы Әлима Кенжалина, ғалымдар мен әріптестері қатысқан тағылымды шарада Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қауымдастырылған профессоры Бақдәулет Құмар және ҚазҰУ доценті Жетпісбай Бекболатұлы естеліктерімен бөлісіп, отандық журналистика мектебінің сабақтастығы туралы ой қозғады.