«Әділет» партиясы сайлауалды штабтардың жұмысын түйіндеуде. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен қорытынды отырыста үгіт-насихат науқанының нәтижесі шығарылды және сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, сайлауалды міндеттемелерді іске асыру бойынша алдағы мақсаттар айқындалды. Жиынға Құрылтай депутаттары, партия өңірлік филиалдарының басшылары мен партия активі қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өз сөзінде Айбек Дәдебай ауқымды жұмыс атқарған партияластарға алғыс айтып, осы жыл еліміз үшін тарихи маңызға ие болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттің басқару жүйесін ғана емес, тұтас қоғамды қамтитын ауқымды өзгерістер жалғасып жатыр. Осы жылдың басты оқиғаларының бірі – азаматтардың кең қолдауына ие болған жаңа Конституцияның қабылдануы.
Партия төрағасы Мемлекеттің алдағы даму барысы туралы айта келе, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін нығайту және цифрлық технологияларды дамыту қадамдары бар. Бұл өзгерістер ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.
«Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, баршамызға ортақ жауапкершілік жүктейтін міндеттер. Осы оң өзгерістердің Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық тұғырлы белесімен тұспа-тұс келуінің де үлкен елдік символы бар. Осы жылдар аралығында халықтың бірлігі мен ынтымағы ел дамуының өзегіне айналды. Бүгінде Тәуелсіз, Әділетті, Қуатты Қазақстанды бірге құрудамыз», – деді партия төрағасы.
Оның айтуынша, алдағы мәслихат сайлауы еліміздегі конституциялық реформалар мен саяси жаңғырудың маңызды кезеңіне айналады. Бұл тек депутаттық корпусты жаңғыртуға ғана қатысты мәселе емес. Президент тұрғындардың мүддесін білдіретін және өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуге ерекше мән беріп отыр.
Үгіт-насихат науқанының қорытындысын партия төрағасының орынбасары Асхат Оралов таныстырды. Партия барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына партиялық тізімдер мен бірмандатты сайлау округтері бойынша 3 817 кандидат ұсынды. Бір айда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы ел тұрғындарынан 5 мыңнан астам ұсыныс-тілек келіп түсті.
«Бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде 6,5 мың адамды ортақ мақсат төңірегінде топтастырған 246 сайлауалды штаб жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында кандидаттарымыз бен партия белсенділері жалпы саны 5,6 млн адамды қамтыған 106 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасын өткізді. Науқан жұмысына 9200 сенімді өкіл тартылды. Ал дауыс беру күні сайлау учаскелерінде 22 мыңнан астам байқаушы жұмыс істейді», – деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар партия Президент Жолдауын түсіндіру аясында түрлі кездесу өткізді. Қазақстанның барлық өңірінде жалпы саны шамамен 1 млн адам қамтылған 28 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының 32 депутаты еліміздің барлық өңірін аралады. Сондай-ақ партияның барлық 3562 бастауыш партия ұйымында тұрғындармен кездесулер өтті. Ал «Bir Tolqynda» жастар диалог алаңдары мыңдаған жас қазақстандықтың басын қосты.
Науқанның жергілікті жерлердегі нәтижелері туралы партия облыстық филиалдарының төрағалары – Қарағанды облысынан Бекзат Алтынбеков, Түркістан облысынан Алмас Салимов, Шығыс Қазақстан облысынан Жанат Мекеева және Маңғыстау облысынан Имаммахмұт Шағырбаев баяндады.
«Осы уақыт аралығында облыс тұрғындарының 660-тан астам өтінішін жинадық. Олар ең өзекті мәселелерді айқындап, алдағы жұмысымыздың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді», – деді Жанат Мекеева.
Өз кезегінде, Имаммахмұт Шағырбаев партияның өңірде атқарған жұмысының нақты нәтижелеріне назар аударды.
«Атқарып жатқан жұмысымыздың нақты нәтиже беруі – біз үшін аса маңызды. Ең алдымен, бұл – облысты дамыту және тұрғындарымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелерді шешу», – деді ол.
Отырысты қорытындылай келе, партия төрағасы науқан аяқталғаннан кейін де сайлаушылармен жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыру қажет екенін атап өтті.
«Біз Құрылтай және мәслихат сайлаулары кезінде халық алдында нақты міндеттерді алып, сайлау алды уәделерімізді жарияладық. Ендігі басты міндетіміз — сол уәделердің барлығын кезең-кезеңімен орындап, нақты нәтижеге қол жеткізу. Өйткені халықтың бізге білдірген сенімі — үлкен жауапкершілік. Сондықтан сайлау науқанымен шектеліп қалмай, бұдан да белсенді түрде сайлаушылармен байланысты жалғастырып, күшейтіп, бәріміз бірлесіп, тұрғындар көтерген мәселелерді нақты шешімдерге ұластырамыз», – деді Айбек Дәдебай.
Сондай-ақ ол жақында Мемлекет басшысымен өткен кездесу қорытындысы бойынша жүктелген міндеттерге тоқталды. Онда Құрылтай мен партия қызметінің нәтижелері таныстырылды. Президент қабылданып жатқан заңдардың тиімділігіне, олардың орындалу барысын қадағалауға және сайлауалды міндеттемелерді іске асыруға ерекше назар аударды.
Сессия басталғалы бері Құрылтай 19 заң қабылдады, тағы 37 заң жобасы қаралуда. 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Бұдан бөлек, партия Үкіметпен бірлесіп, 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Онда 303 нақты іс-шара көзделіп отыр.
Енді осындай жұмысты өңірлерде де жүргізу қажет. Айбек Дәдебай партия филиалдарына әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік сайлауалды бағдарламалардағы барлық міндеттемені өңірлерді дамыту бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жұмыста Құрылтай мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды.
«Өңірлерде көтерілген өзекті мәселелер Құрылтай мінберіне жетіп, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан шешімін табады. Ал қабылданған заңдар мен мемлекеттік бастамалардың жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуына мәслихат депутаттары да белсенді атсалысуы қажет. Осылайша, орталық пен өңірлердің арасындағы байланысты сапалы түрде күшейтіп, халықтың талап-тілегін тез әрі нақты іске айналдыратын тиімді жүйені қалыптастырамыз», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Партия төрағасы сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және тыныштық күні басталған сәттен бастап үгіт-насихат жұмыстарын толық тоқтатуды тапсырды.
Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.