Қостанайлық Ернар Кенжетаев Варшавадағы Netflix компаниясының технологиялық орталығында SRE-инженер қызметін атқарады. Әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың бестігі саналатын FAANG (Facebook (қазіргі Meta), Amazon, Apple, Netflix және Google) құрамындағы компаниялардың бірінде еңбек етуді мақсат еткен Ернар ұдайы білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдап келеді. Бүгінде ол Netflix-те жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, бір мезгілде үш-төрт командамен жұмыс істейді. Өз командасында мықты маман болуға талпынумен қатар, жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген Ернарға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Оқушы кезіңізде физик болуды мақсат етіпсіз. Кейін IT саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыдым. Мектептегі кейінгі екі жылда болашақ мамандығым туралы ойлана бастадым. Бастапқыда физик болуды мақсат еттім. Ата-анам, ағаларым және физика пәнінің мұғалімі Қазақстанда атом физикасы дамығанын айтып, осы бағытты таңдауға кеңес берді. Сол кездері жақын досым әрі сыныптасым мені хакатондарға шақыра бастады. Сол арқылы IT саласымен танысып, осы салаға қызығушылығым оянды. Хакатондарға қатысып, түрлі жоба әзірлеу маған ұнады. Жүлде қоры да қызықтырды. Ол кезде 11-сынып оқушысы үшін 300 мың теңге қомақты қаражат қой. Мектебіміз Astana Hub-тың жанында орналасқандықтан, онда өтетін жарыстардан үнемі хабардар болып жүретін едік. Бірде екі сыныптасыммен бірге «Менің арманым» стартап байқауына қатыстық. Біз жүк көлігі жүргізушілерінің алыс жолда ұйықтап кетпеуіне көмектесетін арнайы құрылғы әзірледік. Көлікке орнатылған датчик жүргізушінің көзі жұмылғанын байқаса, арнайы дыбыс шығарып, оны оятады. Түрлі жарысқа қатысып жүріп, IT десе, ішер асын жерге қоятын көптеген студентпен таныстық. Әсіресе, Сүлеймен Демирел университетінің студенттері бізге бағыт-бағдар беріп, IT саласының мүмкіндіктері туралы үнемі айтып жүрді. Осылайша, хакатондар мен түрлі жарыстарға қатыса жүріп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті.
– Мажарстанда бірінші курстан бастап-ақ сол елдегі ірі банктердің бірінде тағылымдамадан өтіпсіз. Оқумен қатар жұмыс істеу қиындық тудырмады ма?
– Негізі, мен Финляндия, Польша және Мажарстан университеттерінен бірдей шақырту алдым. Соның ішінде Мажарстанның Stipendium Hungaricum бағдарламасы мен үшін ең тиімдісі еді. Мен онда мехатроника инженериясы мамандығы бойынша білім алдым. Бұл – бағдарлама жасақтаудан гөрі робототехникаға жақын инженерлік бағыт. Университетке түскен кезден бастап-ақ оқумен қатар IT жобаларында жұмыс істегім келді. Жатақханада бірге тұратын, бір курста оқитын студенттердің де жұмыс істеп жүргенін көріп, мен де еңбек етуге бел будым. Түрлі хакатондарға қатысып, ақырында бірнеше жерден тағылымдамадан өту туралы ұсыныс алдық. «Қазірден бастап тәжірибе жинасам, кейін жұмысқа орналасу оңайырақ болады» деп ойладым. Алдымен OTP Bank-те, кейін Ericsson компаниясында еңбек еттім. Онда үш жыл жұмыс істеген соң, амбициям артып, жаңа мүмкіндіктер іздей бастадым. Оның үстіне, Будапешт те маған тарлық ете бастағандай болды.
Университетті бітірген соң тағы бір жыл жұмыс істедім. Кейін Варшавадағы Exadel компаниясынан ұсыныс түсті. Олар мені жұмысқа шақырып, Польшаға көшуімді ұсынды. Бұл аутсорсингтік компания болғандықтан, қызметкерлеріне түрлі жобаны тапсырады. Мен де әр алты ай сайын бір жобадан екіншісіне ауысып жүрдім. Бір командада тұрақты жұмыс істегенді қалайтындықтан, бұл жүйе маған ұнамады. Содан кейін америкалық Box компаниясына жұмысқа орналасу үшін өтініш бердім. Бұл – Dropbox-қа бәсекелес, негізінен бизнеске арналған бұлтты сақтау қызметтерін ұсынатын компания. Онда бір жыл жұмыс істегеннен кейін Netflix-ке жұмысқа тұрдым.
– Netflix секілді өнімдерін бір мезгілде миллиондаған адам тамашалайтын алпауыт компанияда жұмыс істеу әр IT маманының арманы шығар. Дүниежүзі бойынша ақылы жазылушыларының саны 325 миллионнан асатын бұл компанияда жұмыс істеуді сіз де армандаған боларсыз.
– Әлбетте, Netflix – мен көптен бері жұмыс істеуді армандаған компания еді. Сондықтан жұмысқа шақырту алған кездегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын! Бұған дейін ол жерде жұмыс істейтін қазақтарды кездестірмеген едім. Өзім де осы компанияға жұмысқа тұра алар ма екенмін деп ойлайтынмын. Netflix-тің FAANG қатарына кіретінін ескерсек, бұл мен үшін ерекше жетістік болды.
– Netflix-тің жұмысқа қабылдау тәсілінің басқа компаниялардан қандай ерекшелігі бар?
– Мен алдымен компанияның сайтына кіріп, мансап бөліміндегі өтінімді толтырдым. Көп ұзамай өздері хабарласты. Алғашында қатты қобалжығаным рас. Команда жаңадан жасақталып жатқандықтан, іріктеудің барлық кезеңі онлайн форматта өтті. АҚШ-тағы мамандармен сұхбаттастым. Алғашқысы танысу сұхбаты болды. Екінші кезеңде техникалық тапсырмалар беріліп, Live Coding форматында сұхбат өткізілді. Үшінші кезең – Virtual Onsite. Оның аясында техникалық білімім, мінез-құлық ерекшеліктерім мен қарым-қатынас дағдыларым бағаланды. Іріктеудің соңында менеджер мені бірге түскі ас ішуге шақырды. Бұл ресми сұхбаттан гөрі бір-бірімізбен жақынырақ танысуға арналған кездесу болды. Кейін жұмысқа қабылданғанымды хабарлап, кеңсеге шақырды.
Netflix компаниясының жұмыс мәдениеті де ерекше. Мұнда жаңа қызметкерлерге бірден сенім артып, үлкен жауапкершілік жүктейді. Компанияның жұмыс қағидалары мен мәдениетін түсіндіретін арнайы кітаптары да бар. Netflix-те үміткердің кәсіби білімімен қатар, оның қандай адам екеніне де ерекше мән береді. Техникалық сұхбат күрделі болғанымен, қызметкердің мінез-құлқы мен командамен тіл табыса білу қабілеті де маңызды. Бұған дейін өзім жұмыс істеген компанияларда мұндай ерекшеліктерге көп мән берілмейтін.
Тағы бір ерекшелігі – жылына бір рет компанияға жаңадан келген барлық қызметкерді Амстердамға жинайды екен. Бұл кездесуге шамамен 500 адам қатысады. Онда Netflix-тің жұмыс мәдениеті, құндылықтары мен ішкі тәртібі таныстырылады. Бір қызығы, бұл іс-шараға бағдарлама жасақтаушылар ғана емес, монтаждаушылар, күзет қызметкерлері және басқа да мамандар қатысады. Яғни, компанияға жаңадан келген әрбір қызметкерді ортақ жұмыс мәдениетімен таныстыруға айрықша мән беріледі.
– Компанияның Америкадағы бас кеңсесіне жолыңыз түсті ме?
– Иә. Командамен танысып, жобаларды талқылау үшін АҚШ-қа екі рет бардым. Алғашында Кремний алқабына, кейін Лос-Анджелеске жол түсті. Netflix-тің негізгі басшылығы, бүкіл дирекциясы орналасқан орталық кеңсесі сонда. Бұл екі іссапар маған ерекше әсер қалдырды. Бас кеңседегі конференц-залда жиналыс өткізіп жатқанымызда, артынша сол бөлмеде Netflix басшыларының отырысы өтетінін білдік. Netflix-ті екі тең бас директор басқарады. Екеуін де жақыннан көргенде, олардың қарапайым адамдар екеніне көзім жетті.
– Netflix-те сізге қандай міндет жүктелген?
– Мен мұнда SRE (Site Reliability Engineer) инженері қызметін атқарамын. Қарапайым тілмен айтқанда, SRE маманы жүйелердің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жауап береді. Біздің команда Netflix-тің контент әзірлейтін бөлімдерімен тығыз жұмыс істейді.
Netflix әлемнің көптеген елінде түсірілім жүргізеді. Мысалы, түсірілім кезінде алынған файлдар Америкаға жіберіліп, кейін монтаждау және өндіріс кезеңдерінен өтеді. Осы процестерге қажет жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуіне біздің команда жауапты.
Егер жүйелер істен шықса, түсірілім жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін. Мысалы, түсірілім тобы жұмысын жалғастыра алмаса, компания сол күнге жоспарланған қаражатынан айырылады. Сондықтан біздің жұмысымыздың маңызы зор.
Жалпы, мен бір мезгілде үш-төрт командамен жұмыс істеймін. Жүйелердің жұмысын бақылап, кодтағы қателер мен ақауларды талдаймын. Сонымен қатар жұмыс стратегиясын әзірлеуге қатысамын. Өзіміз де код жазамыз. Ай сайын команда мүшелерімен бірге жиналып, атқарылған жұмыстарды саралап, жүйелердің тиімділігін бағалаймыз.
– Компанияда қаңтар айынан бері ғана жұмыс істеп келе жатқаныңызды ескерсек, басшылықтың осындай аз уақыт ішінде сізді Америкаға екі рет іссапарға жіберуі сізге деген сенімінің жоғары екенін көрсетсе керек.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл компанияның өзгелерден ерекшелігі – қызметкерлеріне сенім білдіруінде. Саған сенім артқан сайын, өзің де сол сенімді екі есе ақтауға тырысасың. Жұмысқа деген құлшынысың артып, бұрынғыдан да жақсы нәтиже көрсетуге ұмтыласың. Компанияның сенімін сезіну тау қопарардай үлкен күш береді.
– Netflix қызметкерлерінің өздері де платформаны ақылы түрде пайдалана ма, әлде оларға арнайы жеңілдік қарастырылған ба?
– Бұл сұрақты көп адам қояды. Алайда компания өз қызметкерлеріне тегін жазылым ұсынбайды, біз де өзгелер сияқты жазылым ақысын төлейміз. Дегенмен қызметкерлерге компанияның ішкі жүйелері мен ресурстарын пайдалану мүмкіндігі берілген. Сонымен бірге зілдей жауапкершілік те жүктеледі.
– Жаңадан шығатын фильмдер мен сериалдардың трейлерлерін де алдын ала көре алмайсыздар ма?
– Netflix контентін әлемнің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған адам тамашалайды. Біздің команда сол контентті көрерменге жеткізуге қажетті жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Тиісінше, біз Netflix-тің контентін көре аламыз, бірақ оны сыртқа жариялауға болмайды, себебі бұл – құпия ақпарат. Дегенмен өзім үшін көп дүниені көріп жүруге тырысамын. Бірақ кейінгі кезде жұмысбастылыққа байланысты оған көп уақыт бөле алмай жүрмін. Компанияның арқасында түрлі фильмдер мен жобаларға қатысты арнайы бұйымдарды да сатып алуға мүмкіндігім бар. Сонымен қатар сол туындыларды әзірлейтін мамандармен де таныса аламын.
Компанияның кез келген қызметкерімен кездесіп, әңгімелесуге болады. Бірде ойыншықтар әзірлеумен айналысатын маманмен таныстым. Одан осы жұмыстың қыр-сыры туралы көп нәрсе білдім. Сол сияқты мұнда түрлі контент әзірлеушілермен танысуға мүмкіндік мол.
– 20 қарашада Netflix платформасында жарық көрген «Көк жол» (The Blue Road) атты корей-жапон детектив сериалының соңғы сериясында Алматының көріністері көрсетілді.
– Ол туралы білмеппін. Білген болсам, компанияның ішкі ақпараттық ресурстарынан өзім үшін мәлімет іздеп көрер едім. Бұл жаңалықты сізден естіп отырмын.
– Алда қандай жоспарыңыз бар?
– Қазір алдыма қойған басты мақсатым – мықты маман болу. Netflix сияқты ірі компаниялар тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан өсуге таптырмас мүмкіндік береді. Айналамдағы білікті мамандардан көп нәрсе үйреніп жүрмін. Компанияның «Dream Team» деген ұстанымы бар. Яғни, мұнда әрбір қызметкер өз ісінің шебері болуы керек. Осындай ортада жүріп, көп нәрсені тез үйреніп, тәжірибе жинақтайсың.
Алдағы уақытта білікті маман болып қалыптасып, өз компаниямды ашқым келеді. Содан соң Қазақстанға оралып, өз елімде жұмыс істесем деймін. Шетелде жүрсең де, туған жерге деген сағынышың басылмайды.
Қазір жасанды интеллект саласы мені қатты қызықтырып жүр. Елімізде ЖИ-ді дамытуға баса назар аударылып жатқанынан хабардармын. Алдағы бес жылда осы бағытта да білімімді тереңдетіп, тәжірибе жинауды жоспарлап отырмын.
– Осы сұхбатты оқып отырған, өзіңіз секілді FAANG құрамына кіретін алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істегісі келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Мен достарыма үнемі білгенімді үйретіп, кеңес беріп отырамын. Оларға үздіксіз дамып, бір орында тоқтап қалмау керегін айтамын. Қазір мүмкіндік көп, тек соны дұрыс пайдалана білу керек. Өзім де жас мамандарға ментор болып, қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын.
IT саласының бағыты көп. Сондықтан қазір жастар бәрін бірден білуге асығады. Бірақ бәрін бірдей меңгеруге тырысқаннан гөрі, бір бағытты терең зерттеп, соның білгірі болған әлдеқайда дұрыс. Байқағаным, мықты мамандардың көбі – белгілі бір саланы жетік меңгергендер. Бірі операциялық жүйелерді жақсы білсе, енді бірі – код жазудың шебері. Әрқайсысының өзіне тән мықты тұсы бар. Сол ерекшеліктері оларды кіл мықтылар жиналған ортада бәсекеге қабілетті етеді. Бір бағытқа басымдық беру арқылы компания ішінде кәсіби тұрғыдан өсуге де, болашақта өз ісіңді бастауға да болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Дегеніңізге жетіңіз!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ