Уақыт қайда жоғалып жатыр?

Бүгін, 15:45 / Наурызбек Сарша

Осыдан бір жарым ғасыр бұрын қазақ даласының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өркениетті жұрттардың «жылдам хабар алғызған» өнертабыстарына сүйсіне отырып, өз халқын ғылым мен білімге үндеді. Сол дәуірде адамзат ақыл-ойының ғажайып жемісі саналған жаңалықтар бүгінде күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті, адамзат сол заманның ең батыл қиялынан да асып түсті.

Бүгінде өркениет дамуының жаңа белесіне көтерілдік. Адамзат дене ең­бегін жеңілдететін машина­лар жа­сау­мен шектелмей, ақыл-ой еңбе­гінің бір бөлігін де техно­ло­гияға жүктей бастады. Жасанды ин­тел­лект мәтін жазады, сурет сала­ды, күр­­­делі деректерді талдайды, сан алуан сұ­раққа санаулы секундта жауап береді. Ке­ше ғана бірнеше күнді қа­жет ет­кен кей­бір жұмыстар бүгінде бірнеше ми­нут­та орын­далады.

Ғасырлар бойы адамзат алысты жақын­да­туға, ауырды жеңілдетуге, ұзаққа созы­латын істі қысқартуға ұмтылды. Осы жолда та­лай жаңалық ашылды, талай ғылыми төң­керіс жасалды. Мұның бәрінің аста­рын­да адам өмірін жеңілдету, оның ең қымбат әрі қайтарымсыз байлығы – уақытын үнем­­деу мұраты жатты.

Бірақ өркениеттің осыншама жетіс­тігі­не қарамастан, түсініксіз бір қайшылық бар. Алыс жақындады, бірақ бәрібір әлде­не­ге асығып жүреміз. Жұмыс жеңілдеді, бір­ақ міндеттеріміз де көбейді. Байланыс жыл­дамдады, бірақ бір-бірімізге асықпай көңіл бөлуге уақыт таппай жатамыз.
Бұрын адам айшылық жол жүріп жеткі­зе­тін хабарын бүгінде бір сәтте жолдайды. Алайда сол үнемделген айлар, күндер, са­ғат­тар мен минуттар қайда кетіп жатыр? Не­ліктен уақытты үнемдеудің бұрын-соң­ды болмаған мүмкіндіктеріне ие болған XXI ғасыр адамы «уақытым жоқ» деген сөз­ді жиі айтады? Бұл – технологиялық өр­леу дәуіріндегі адамзаттың ең үлкен па­ра­докстарының бірі.

Ғалымдар не дейді?

Шынымен де, адамдар бұрынғыдан гөрі асығыс па? Мұны түсіну үшін ғылыми зерттеулерге зер салсақ. 2018 жы­лы әлеуметтанушылар Джонатан Гершуни мен Ориэл Салливан «Қоғам жылдамдығы үдеп бара ма? Ұлыбританиядағы 2000 және 2015 жылдардағы уақытты пайдалану күн­деліктеріне негізделген зерттеу деректері» атты ғылыми мақаласын жариялады. Ға­лым­дар Ұлыбританияда 2000 және 2015 жыл­дары жүргізілген зерттеулердің дерек­терін салыстырды. Яғни, адамның бір тәу­лік ішінде не істегенін және әр әрекетке қан­ша уақыт жұмсағанын тіркейтін зерт­теу әдісін пайдаланды.

Ғалымдар зерттелген кезеңде қоғам­да­ғы уақыт қысымы күшейді деген тұжы­рым­ды растайтын айқын дәлел таппаған. Ақ­па­­раттық-коммуникациялық технология­лар­ды пайдалану да асығыстық сезімінің күшеюіне міндетті түрде ықпал етпейтіні бел­гілі болған. Біз өмірдің жылдамдап кет­ке­нін сезінуіміз мүмкін. Бірақ мұндай сезім әр адамның күн тәртібі бұрынғыдан тығыз бо­ла түскенін дәлелдемейді. Дегенмен зерт­теудің шектеулі аясын да ескеруіміз керек. Ға­лымдар Ұлыбританиядағы екі кезеңді ға­на салыстырған. Сондықтан оның нәти­жесін барлық елге, барлық әлеуметтік топ­қа немесе кейінгі жылдарға тікелей қол­да­нуға болмайды. Сонда гәп қайда?

Неміс әлеуметтанушысы әрі философы Хар­тмут Роза қазіргі заманның басты ерек­ше­ліктерінің бірі ретінде әлеуметтік жыл­дам­дықты атайды. Ол «Әлеуметтік жыл­дам­дық: қазіргі заманның жаңа теориясы» ат­ты еңбегінде қоғамның жылдамдығын үш бағытта қарастырады. Біріншісі – тех­но­логиялық жылдамдық. Яғни, байланыс, кө­лік, өндіріс және ақпарат өңдеу қарқыны арта­ды. Екіншісі – әлеуметтік өзгерістердің жыл­дамдығы. Бұл ретте кәсіптер, құнды­лық­тар, қоғамдық қатынастар мен өмір сал­ты бұрынғыдан тезірек өзгеруі мүмкін. Ал үшіншісі – күнделікті өмір қарқынының жеделдеуі. Адамдар бір тәулікке мүм­кін­дігінше көп әрекет сыйғызуға тырысады.

Әлеуметтанушы осы үш үдерістің өзара бай­ланысты екенін айтады. Мысалы, тех­но­логия дамыған сайын қоғам өзгереді. Қо­ғам өзгерген сайын адам жаңа талаптарға бейімделуге ұмтылады. Ал бейімделу қа­жет­тілігі оның күнделікті өмірінің қар­қынын үдетуі мүмкін. Ғалым бұл жағдайды түсін­діру үшін «динамикалық тұрақтану» ұғы­мын қолданады. Қазіргі қоғам өзінің қа­лып­ты құрылымын сақтап қалу үшін де үз­діксіз өсуді, жаңаруды және қозғалысты қа­жет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, уақыт тап­шылығы адамның күн тәртібін дұрыс жос­парламауынан ғана туындамайды. Ол қоғамның ұйымдасу тәсілімен де байла­нысты болуы мүмкін.

Технология уақытты үнемдейді, десек те...

Жасанды интеллектінің дамуымен уақыт туралы пікірталас жаңа ке­­­­зең­ге аяқ басты. Мәтін дайындау, ақпа­рат­ты жүйелеу, деректерді талдау, бағдар­ла­малық код жазу сияқты жұмыстардың жекелеген бөліктері автоматтандырылып жа­тыр. Бірақ бұл адамның бос уақыты мін­детті түрде көбейеді деген сөз емес. Мә­се­лен, бұрын үш сағатқа созылатын жұмыс жар­ты сағатта орындалатын болды делік. Қал­ған екі жарым сағат қайда кетеді? Қыз­мет­кер ертерек демала ма? Жұмыс беруші қо­сымша тапсырма бере ме?

Иә, ЖИ адамға уақыт үнемдеуге көмек­те­се алады. Бірақ үнемделген уақыттың адам игілігіне айналуы – өз алдына бөлек қо­ғамдық мәселе.
Әлеуметтанушы Джуди Вайцман уақыт пен технология арасындағы байланысты «Уа­қыт тапшылығы: цифрлық капитализм дәуі­ріндегі өмір қарқынының жылдам­ды­ғы» атты еңбегінде зерттеді. Оның басты уәж­дерінің бірі – технология адамдардың уа­қытын өздігінен анықтамайды. Мысалы, электронды пошта хат алмасуды жылдам­дат­қанымен, хатқа тез жауап беру талабы да қалыптасты. Бұрын бір хатқа бірнеше күн­нен кейін жауап беру қалыпты жағдай болса, бүгін кейбір жұмыс орындарында бір­неше сағат кешігудің өзі мәселе туғызуы мүм­кін. Қолымыздағы смартфон да дәл со­лай. Ол жұмысты кез келген жерден орын­дауға мүмкіндік береді. Бірақ кей жағ­дайда жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны әлсіретеді. Адам кеңседен шық­қанымен, жұмыс хабарламалары оның қал­тасында жүреді.

Уақыт туралы зерттеулердің тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік теңсіздік. Медиа және мәдениет зерттеушісі Сара Шар­ма «Уақыт аясында: уақыттың әлеу­мет­тік табиғаты және мәдени саясат» атты ең­бегінде уақыттың әртүрлі әлеуметтік топ­тар үшін бірдей емес екенін айтады. Ол так­си жүргізушілерінің, жиі сапарлайтын іс­кер адамдардың және басқа да әлеуметтік топтардың уақыт тәжірибесін зерттей келе, көзге көрінбейтін бір қайшылықты анық­та­ған. Мәселен, бір адам уақыт үнемдеу үшін такси шақырады. Ал такси жүргізушісі сол адамның уақытын үнемдеу үшін жұмыс істейді. Біреу тамақ дайындауға уақыт ке­тір­меу үшін жеткізу қызметіне тапсырыс бе­реді. Бірақ оның уақытын үнемдеу үшін бас­қа адамдар ас әзірлейді, жол жүреді, тап­­сырысты жеткізеді. Демек, біреудің жыл­­дамдығы екінші адамның еңбегіне тәуел­ді.
Осы тұрғыдан алғанда, уақыт тек жеке адам­ның ресурсы емес, әлеуметтік қатынас­тар­дың да бір бөлігі. Бір адамның жұмыс уа­қытын өзі белгілеуге мүмкіндігі болса, екін­шісі жұмыс берушінің кестесіне, тап­сырыс берушінің талабына немесе отба­сын­дағы міндеттеріне тәуелді болуы мүм­кін. Екеуінің де тәулігі 24 сағаттан тұрғаны­мен, сол уақытты өз қалауынша пайдалану мүмкіндігі бірдей емес.

Әлеуметтік уақыт

Уақытты қабылдауды зерттеген пси­хо­логтар эмоцияның да маңызды рөл атқаратынын анықтаған. Сильви Друа-Воле мен Сандрин Жильдің «Уақыт пен эмо­ция парадоксы» атты ғылыми еңбегінде кей жағдайда эмоция уақыттың ұзағырақ сезілуіне ықпал етсе, басқа жағдайда адам­ның назары өзге нәрсеге ауып, уақыт қыс­қа­рақ сезілуі мүмкін екені айтылады. Мұны күн­­делікті өмірден де байқауға болады. Маңызды бір шешімді күткен адам үшін бірнеше минуттың өзі ұзаққа созылғандай болады. Ал қызықты әңгімеге берілген адам бір сағаттың қалай өткенін байқамай қа­лады.

Ғылымда «әлеуметтік уақыт» деген ұғым бар. Бұл терминді 1937 жылы Ре­сейден АҚШ-қа қоныс аударған әлеу­мет­танушы Питирим Сорокин мен Колумбия университетінің профессоры Роберт Мер­тон ұсынған. Бүгінде олардың зерттеулері әлеуметтанудың классикалық еңбектеріне айналды.

Әлеуметтік уақыт астрономиялық уа­қыт­тан біршама ерекшеленеді. Мұнда уа­қыт­тың ұзақтығымен қатар, оның қоғам­дық және жеке өмірде қалай қабылдана­ты­ны да маңызды. Мысалы, бір жарым са­ғат­тық дәріс, банкте кезек күту немесе аялда­мада автобус тосып тұру адам төзгісіз ұзақ болы­п көрінуі мүмкін. Ал сүрген бар ғұ­мы­рымыз көзді ашып-жұмғанша өтіп кет­кен­дей сезіледі.

Уақыт туралы түсінік адамның жасына қа­рай да өзгеріп отырады. Мәселен, бес жа­­сар бала үшін бір жыл – өте ұзақ уақыт, өйт­­кені ол өмірінің 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл – өмірінің небәрі 2 пайызы. Оның үстіне баланың алаң­сыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күй­бең тіршіліктің қамымен жүргеніңізді де ес­керу керек. Бала таңнан кешке дейін ой­нап, ұнатқан тағамын жеп жүре береді. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бітіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл – уақыт­тың не себепті жылдам өтетінін түсіндіре­тін қарапайым мысал.

2005 жылы психологтар Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф 14 пен 94 жас аралы­ғындағы 499 адамның арасында уақыттың қаншалықты тез немесе баяу өтетіні тура­лы сауалнама жүргізген. Қа­тысу­шылардың басым бөлігі уақыттың өте тез өтіп жатқанын атап көрсеткен. Алайда егде жастағы адамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен өтіп кеткенін айтса, жасы қырыққа таяғандар бала кездерінде уақыт­тың өтіп болмағанын, ал жасөспірім шақ­тан бастап оның тез сырғып, ересек өмірге қа­лай қадам басқандарын байқамай қал­ған­дарын айтқан.

Калифорния университетінің психо­логия докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұл­ғай­ған сайын уақыттың зымырауын бы­лай түсіндіреді. Адамдар уақыттың өтуіне екі тұрғыдан баға береді. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ, оның ұзақтығына перс­пективті баға береміз. Ал оқиға өтіп кет­кеннен кейін оның қанша уақытқа со­зыл­ғанын еске алсақ, бұл – ретроспек­тив­ті бағалау. Бұл жағдайда оқиға деп отырға­ны­мыз – өзіміз сүріп жатқан өмір.

Алған әсеріміз бен жасаған әрекеттері­міз де уақытты қабылдауымызға ықпал ете­ді. Ғалымдардың айтуынша, көңіл күйі­міз көтеріңкі кезде уақыт зулап өтеді. Алайда сол кезді кейіннен еске алсақ, әлгі сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перс­пективті тұрғыдан «қысқа» сәт ретрос­пек­тивті тұрғыдан «ұзақ» болып қабылда­на­ды.

Уақытты ретроспективті бағалау белгілі бір кезеңде жинақталған жаңа естеліктерге де байланысты. Демалыс күндері неғұрлым көп әсер алсақ, кейін сол күндер соғұрлым ұзақ­қа созылғандай сезіледі. Мұны Хам­монд «мерекелік парадокс» деп атаған. Ба­ла­лық шақтан ересек өмірге аяқ басқанға дейін сан алуан оқиғаның куәсі болып, тың сезімдерді бастан кешіреміз. Ал есейген сайын бізді таңғалдыратын, бұрын кездес­пеген құбылыстар азая береді. Сондықтан адам өмірінің алғашқы жылдары ұзағырақ өткендей сезіледі.

Қазақстандықтардың 24 сағаты қайда кетеді?

Уақыт тапшылығы туралы шетелдік ға­­­­лымдардың зерттеулеріне зер сал­дық. Ал қазақстандықтар өз уақытын қа­лай өткізіп жүр? Тәуліктің қанша бөлігін ең­бекке, қаншасын демалысқа арнаймыз? Өзі­мізге, отбасымызға, рухани қажеттілік­те­рімізге қанша уақыт қалады? Бұл сауал­дар­ға Қазақстан Республикасы Ұлттық ста­­тистика бюросының 2024 жылы жүргіз­ген «Халықтың уақыт бюджетін пайда­лануы» атты зерттеуі біршама жауап береді. Ал­ты жылда бір рет жүргізілетін зерттеуге 10 және одан жоғары жастағы 11 914 рес­пон­­дент қатысқан. Сонымен, статистика не дейді?

Ел азаматтары тәуліктің басым бөлігін – 54,2 пайызын, яғни 13 сағатын жеке кү­тімге жұмсайды. Оның 9 сағат 26 минуты ұйқыға, 1 сағат 57 минуты тамақтануға, 1 са­ғат 27 минуты жеке гигиена мен күтімге тие­сілі. Ал еңбек етуге орта есеппен 2 сағат 56 минут, үй шаруасына 3 сағат 14 минут, бі­лім алуға 28 минут, жеке қажеттілік үшін тауар өндіруге 12 минут жұмсалады. Тәулік­тің қалған 17,3 пайызы, яғни 4 сағат 9 ми­­­­­нуты – бос уақыттың еншісінде.

Бір қарағанда, күніне төрт сағаттан ас­там бос уақыт аз емес секілді. Алайда бұл – балаларды, зейнеткерлерді, жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін азаматтарды қам­ти­тын ортақ көрсеткіш. Ал халықтың жас ерек­шелігі мен жұмыспен қамтылуына қа­рай уақыт бюджетін сараласақ, мүлде бас­қа көрініске куә боламыз. Мәселен, 15 жас­тан асқан ер-азаматтар күніне орта есеп­пен 5 сағат 13 минут жұмыс істесе, әйел­дерде бұл көрсеткіш 4 сағат 18 минут­ты құрайды. Ерлердің еншісінде 4 сағат 4 ми­нут бос уақыт қалса, әйелдерге 2 сағат 56 ми­нут қана тиесілі.
Ал жұмыспен қамтылған азаматтардың күн тәртібі бұдан да тығыз. Жұмыс істейтін ерлер еңбекке орта есеппен 9 сағат 7 минут, әйелдер 7 сағат 57 минут жұмсайды. Сәйке­сін­ше, ерлердің бос уақыты 2 сағат 31 ми­нутты құраса, әйелдерде бұл көрсеткіш 1 са­ғат 50 минутпен шектеледі.

Неліктен әйелдер ақылы еңбекке ер­лерден азырақ уақыт жұмсағаны­мен, олардың бос уақыты да аз? Мұның бір себебін үй шаруасына қатысты деректерден аң­ғаруға болады. Зерттеуге сәйкес, 15 жас­тан асқан әйелдер үй шаруасына күніне 4 сағат 5 минут жұмсаса, ерлерде бұл көрсет­кіш 1 сағат 51 минутты құрайды. Арада 2 са­ғат 14 минут айырмашылық бар. Осы айыр­машылықты бір жылға шақсақ, 815 са­ғаттан астам уақыт шығады. Бұл – 34 тәу­лікке жуық мерзім. Демек, әйелдердің үй шаруасына ерлерден артық жұмсайтын уа­қытының өзі жылына бір

айдан асады.Осы тұста уақыттың әлеуметтік табиға­тын зерттеген Сара Шарманың тұжырым­дары ойға оралады. Тәуліктегі сағат саны барлығымызға бірдей болғанымен, сол уа­қытқа иелік ету мүмкіндігіміз бірдей емес. Бір адам үшін жұмыс күнінің аяқ­талуы демалыстың басталғанын білдірсе, екін­ші біреу үшін ол үйдегі міндеттердің бас­талуы болуы мүмкін.

Түйін: Сонымен, уақыт қайда кетіп жатыр? Жоғарыдағы зерттеулер мен ғалымдардың пікіріне сүйенсек, уақыт тапшылығының кемінде үш түрлі қыры бар. Біріншісі – нақты уақыт тапшылығы. Адамның міндеттері көп, ал оларды орындауға бөлінген сағат саны шектеулі. Екіншісі – уақытқа билік ету мәселесі. Адамның бос уақыты болуы мүмкін, бірақ оны өз қалауынша пайдалану мүмкіндігі аз. Үшіншісі – субъективті уақыт тапшылығы. Адамның бос уақыты бола тұра, өзін үнемі асығыс сезінуі мүмкін.

Психологтар «Мен уақытымды не үшін үнемдеп жүрмін?» деген сұрақ қоюдың да маңызды екенін айтады. Тағы көбірек жұмыс істеу үшін бе? Тағы да жетістікке жету үшін бе? Бәлкім, біз уақытты үнемдеуді үйренгенімізбен, оны не үшін үнемдеу керегін әлі толық шешпеген шығармыз.
Джон Рокфеллердің «Арзан әңгімеге құмар адам қымбат уақытын жоғалтады» деген сөзі бар. Ендеше, қымбат уақытымызды қымбат естеліктерге арнайық.