Триллиондар қайтарымы: Инфрақұрылымға салынған қаржы ақтала ма?

Бүгін, 15:30 / Арайлым Жолдасбекқызы

Ұлттық қор – еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін және келер ұрпаққа қаржылық капитал жинақтайтын негізгі стратегиялық актив. Ұлттық банктің және Қаржы министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, 2014-2026 жылдар аралығында Қордың қаржылық көрсеткіштері сыртқы конъюнктураға, жаһандық нарықтардың құбылмалылығына және ішкі бюджеттік саясатқа тікелей тәуелді болды.

2014 жылдың басында Ұлттық қор активтері 77,1 миллиард АҚШ дол­­­­ларын құраса, 2014 жылғы 31 жел­тоқсандағы жағдай бойынша 73,2 мил­лиард АҚШ долларына, яғни 18,2 трил­лион теңгеге дейін төмендеді. 2015 жылы теңге бағамының еркін ауыт­қуға өтуіне байланысты актив­тер­дің теңгелік баламасы номиналды түр­де 23,8 триллион теңгеге жетке­ні­мен, долларлық эквиваленті 63,5 мил­­лиард АҚШ долларына дейін қыс­­­­қарды. 2016 жылдың соңында ак­тивтер 61,2 миллиард АҚШ дол­ла­рын немесе 20,4 триллион теңгені құра­ды.

Мұнай бағасының тұрақтануы нә­т­­ижесінде активтер көлемі біраз тұрақ­талып, 2017 жылы 58,3 мил­лиард доллар немесе 19,4 триллион тең­ге, 2018 жылы 57,7 миллиард дол­лар немесе 22,1 триллион теңге, ал 2019 жылдың соңында 61,8 мил­лиард АҚШ доллары немесе 23,6 трил­лион теңге деңгейінде қалып­тасты.

Дегенмен 2020 жылы жаһандық пандемия салдарынан активтер 58,7 миллиард АҚШ долларына немесе 24,8 триллион теңгеге дейін азайды. 2021 жылы 57,7 миллиард АҚШ дол­ларын немесе 25,1 триллион теңгені құраса, 2022 жылы халықаралық қар­­жы нарықтарындағы теріс инвес­ти­циялық кірістілікке байланысты активтер көлемі 55,7 миллиард АҚШ дол­ларына немесе 25,7 триллион тең­геге дейін төмендеді.
Кейінгі жылдары көрсеткіштер жақ­сарып, 2023 жылдың соңында актив­тер қайта өсіп, 60 миллиард АҚШ долларын немесе 27,4 триллион тең­гені құрады. 2024 жылдың соңын­да бұл көрсеткіш 63,5 миллиард АҚШ дол­ларына жетті. 2026 жылғы 10 қара­шадағы Ұлттың банктің ресми ақ­параты бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 66,9 миллиард АҚШ долларын немесе шамамен 32,5 триллион теңгені құрап отыр.
Валюталық құрылым тұрғысы­нан, Ұлттық банктің бекітілген ин­вес­­ти­циялық стратегиясына сәйкес, Ұлт­тық қор активтерінің 100 пайыз­ға жуығы ше­тел валютасындағы (АҚШ доллары, ев­ро, фунт стерлинг, иена және қытай юа­ні) халықаралық қар­жы құралдарына ор­наластырыл­ған. Теңгелік активтер тек бюд­жеттік операциялар мен транзиттік шот­тар шеңберінде қысқамерзімді сипат­қа ие. Бұл ретте теңгемен көрсетілген ак­­тив­тердің өсімі нақты жинақ­талу­ды емес, не­гізінен ұлттық валюта кур­сының қайта ба­ғалануын немесе дева­львациялық әсерді бей­нелейді.

Қорға түсетін кірістер мен мұнай бағасының әсері

Қорға кірістер төрт негізгі көз­­­­ден: мұнай секторы ұйымдарынан тү­сетін тікелей салықтардан, жер қойнауын пай­даланушылардан түсетін өзге де мін­детті төлемдер мен бонустардан, Ұлттық қор­дың активтерін басқарудан түсетін ин­вестициялық кірістен және мемлекеттік мү­лікті жекешелендіру мен республикалық мү­лікке қатысты операциялардан түсетін түсімдерден құралады.

Мұнай бағасының құбылмалылығы кі­ріс динамикасын тікелей белгілейді. 2014 жылы Brent маркалы мұнай бағасы бар­реліне 100 доллардан жоғары кезде тіке­лей салықтық түсімдер 3,4 триллион тең­геден асса, 2015-2016 жылдары мұнай ба­ғасы 30-40 долларға дейін құлдырағанда бұл түсімдер 1,1-1,4 триллион теңгеге дейін төмендеді. Ал 2022-2023 жылдары энер­­гетика бағасының өсімі ая­сын­да мұнай салықтары қайта өсіп, жы­лы­на 4,5-6 триллион теңге аралығын құра­ды.

Ұлттық қордың инвестициялық порт­фе­лі облигациялар мен даму, яғни акция­лар, алтын, баламалы қаржы құралдары порт­фельдеріне бөлінген. 2014-2021 жыл­дар аралығында орташа жылдық ин­вес­тициялық кірістілік долларлық мәнде 1,5 пайыздан 5,5 пайыз аралығында ауыт­қы­ды.

Дегенмен 2022 жылы жаһандық ин-фля­­­цияның жеделдеуі және АҚШ пен Еу­ропа Орталық банктерінің пайыздарды же­дел көтеруі салдарынан облигациялар мен акциялар нарығы бір уақытта құл­дырады. Салдарынан Ұлттық қор өзінің тарихындағы ең төменгі теріс инвес­тициялық кірістілікті, яғни -2,7 миллиард АҚШ долларын немесе -4,6 пайызын тіркеді.

Артынша 2023 және 2024 жылдары ак­циялар нарығының өсуі есебінен ин­вестициялық табыс қайта оң мәнге өтіп, 2023 жылы +4,5 миллиард доллар немесе +8,4 пайызды құрады және Қор өзінің капиталдандыруын қалпына келтірді. Бұл ретте инвестициялық кірістің пайыздық көрсеткіші портфель құрамының нарық­тық құнына тәуелді болса, абсолюттік дол­­­ларлық сома нақты сатылған немесе қай­­­та бағаланған активтер көлемін біл­діреді.

6,5 трлн теңгені қалай пайдалануға болады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ар­нал­ған Жолдауында 2029 жылға дейін ин-фрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 трлн тең­ге бөлуді тапсырды. Ол Үкіметке ин-ф­ра­құры­лымды жаңғыртудың бұрын-соң­ды болмаған жоспарын әзірлеуді тап­сыр­ды.

– Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қор­дан шамамен 6,5 триллион теңге бө­лінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қа­ра­жат қарастыру қажет. Бірақ Ұлттық қор­дың ресурсын жинақтау және оны пай­далану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пай­далы дүниеге ғана жарату керек. Ең бас­тысы, жұмсалған ақшаның эко­но­ми­ка­лық және әлеуметтік қайтарымы болуы қа­­жет. Өйт­ке­ні бөлінетін мемлекет қара­жа­­тының не­­гізгі мақсаты – халықтың әл-ау­­қатын кө­теру, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу – Қазақстанның мемлекеттік қаржы жүйесі мен макроэкономикалық тұрақ­тылығы үшін аса ірі, стратегиялық сома. Аталған қаражаттың нақты салмағын бағалау үшін оны бұған дейін айқындалған база­лық көрсеткіштермен, атап айтқанда Ұлт­тық қордың ағымдағы активтерімен, жыл­дық республикалық бюджет шығыс­тарымен және елдің Жалпы ішкі өнімімен салыстырып көру қажет. Салыстырмалы есептеулер 6,5 триллион теңге Ұлттық қордың қазіргі жиынтық активтерінің дәл 20 пайызын, яғни бестен бір бөлігін құрай­ды. Осылайша, бұл бастама Қордың валю­талық резервтерінің едәуір бөлігін іш­кі экономикаға жұмсауды білдіреді.

Бұл қаржының макроэкономикалық ау­қымы бюджет пен жалпы ұлттық өнім көр­сеткіштері арқылы да анық көрінеді. Мем­лекетіміздің жылдық республикалық бюд­жет шығыстары шамамен 24-25 трил­лион теңге деңгейінде бекітілгенін ескер­сек, 6,5 триллион теңге бір жылдық жалпы бюджет шығыстарының 26-27 пайызына тең. 

Ал елдің былтырғы жылдық ЖІӨ-сі 159,6 трлн теңге төңірегінде қалыптасып отыр­ғандықтан, бұл сома жалпы ішкі өнім­нің шамамен 4,1 пайызына тең. 

Аталған көрсеткішті әлеуметтік сала­лар­мен салыстырсақ. Республикалық бюд­жетте білім беру саласына жылына ша­мамен 2,7 триллион теңге, ал денсаулық сақ­тау саласына 2,4 триллион теңге бө­ліне­ді, яғни екі саланың жылдық жиын­тық бюджеті шамамен 5,1 триллион тең­ге­ні құрайды. Демек, бөлінетін 6,5 трил­лион теңге бүкіл елдің білім беру мен ден­­саулық сақтау салаларының 1,3 жыл­дық жиынтық бюджетінен жоғары. Со­нымен бірге бұл сома Ұлттық қордың кейін­­гі жылдардағы орташа жылдық оң ин­вестициялық табысымен салыстыр­ған­да 4-5 жылда жинайтын барлық инвес­ти­циялық кірісіне тең келеді.

Қаражат 2029 жылдың соңына дейін ке­зең-кезеңімен игерілетіндіктен, оны төрт жылдық белсенді инвестициялық циклге шақсақ, орташа жылдық жүктеме 1,625 триллион теңгені немесе шамамен 3,3 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жыл­дық 1,625 триллион теңгелік инвес­ти­ция – республикалық бюджеттің даму бюд­жетіне, яғни капиталдық шығыстарға тү­сетін салмақты екі есеге жуық арттыру­мен бірдей.
Оқырманға түсінікті болу үшін бұл ау­қымды нақты цифрлармен де көрсетуге болады. Ел халқының саны 20,3 миллион адам деп есептелсе, 6,5 триллион теңге әр­бір Қазақстан азаматына шаққанда 320 000 теңгеден келеді. Ал орташа отбасы құ­ра­мын төрт адам деп алсақ, әрбір отба­сыға 1,28 миллион теңгеден тиесілі деген сөз. 

Инфрақұрылым тұрғысынан қарасақ, өңірлердегі 300 орындық заманауи көп­бейінді аурухананың немесе 2 000 орын­дық «Жайлы мектеп» инфрақұрылымының орташа құрылысы 10-12 миллиард теңге тұра­тынын ескерсек, 6,5 триллион теңгеге елі­міз бойынша 550-600 заманауи мектеп пен аурухананы толық салып шығуға бо­ла­ды. 

Көлік инфрақұрылымы өлшемімен алғанда, жоғары сапалы 4 жолақ­ты автобан жолының 1 шақырымын салу­дың орташа құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды, яғни 6,5 триллион теңге 4 300 шақырымнан астам жаңа халық­аралық автожол салуға жетеді, бұл Аста­надан Алматыға дейінгі жолды 3 рет қайта салып шығумен пара-пар.

Салдары қандай болмақ?

Дегенмен Ұлттық қордан осындай ірі көлемдегі қаражатты шығарып, эконо­микаға бағыттаудың екіжақты макро-экономикалық салдары мен тәуекелдері де бар. Біріншіден, жоспарланған 6,5 трлн теңгенің көлемі Ұлттық қор активтерінің шамамен бестен біріне тең дедік. Қаражатты кезең-кезеңімен пайдалану қордың жинақталған активтерін едәуір қысқартып, оның сыртқы экономикалық күйзелістерге қарсы қаржылық буфер ретіндегі әлеуетін әлсіретуі мүмкін. Екін­шіден, аталған қаражат экономикаға ретсіз жұм­салса, ішкі нарықтағы ақша массасын ұл­ғайтып, тұтыну инфляциясы мен им­портқа сұранысты күшейтеді. Үшіншіден, бюд­жеттік тапшылықты жабу үшін Ұлттық қор қаражатын тұрақты түрде инф­рақұрылымға бағыттау Үкіметтің жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жеке­меншік әріптестікті тартып, ішкі са­лықтық базаны кеңейтуге деген ынтасын төмендетуі ықтимал.

Мұншама есептеулерді жүргізгенде нақты әдіснамалық қағидаттарды басшы­лық­қа алдық. Мәселен, Ұлттық қордың 66,9 миллиард долларлық активтері Ұлт­тық банктің 1 АҚШ доллары үшін 496 тең­ге болып бекітілген ағымдағы орташа баға­мы арқылы теңгеге қайта есептелді, ал жан басына шаққандағы көрсеткіштер Ұлт­тық статистика бюросының халық са­ны 20,3 миллион адам деген демог­ра­фиялық дерегіне негізделді. Бұл ретте Қар­жы министрлігінің республикалық бюд­жет пен салалық шығыстар туралы заң­­дары, Ұлттық банктің валюталық ак­тив­­тер мен инвестициялық кірістілік есеп­­тері негізгі дереккөз ретінде пайда­ла­ны­лды. Осылайша, 6,5 триллион теңгелік қар­жы – елдің экономикалық серпілісі үшін қуатты рекордтық ресурс болға­ны­мен, ол фискалдық тәртіп пен инфля­ция­лық қауіптерді қатаң есепке алуды талап етіп отырған үлкен макроэкономикалық жауап­кершілік екеніне көзіміз жете түсті. 

Әлеуметтік инфрақұрылымды, атап айтқанда 70-ке жуық денсаулық сақ­тау нысаны мен 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысандарын жаң­ғыр­туға қаражат бағыттау – қарапайым тұ­тынушылық шығын емес, ұлттың адами ка­питалына салынатын ұзақмерзімді стра­тегиялық инвестиция. Алайда мұндай жо­балардың макроэкономикалық тиім­ділігі тек бастапқы құрылыс шығындары­мен немесе капиталдық салымдармен шек­телмейді. Нысандар пайдалануға бе­ріл­­­геннен кейін оларды ұстап тұру, кадр­мен қамтамасыз ету, құрал-жабдықтарды жаңарту және коммуналдық қызметтерді тө­леу сияқты операциялық шығыстар ағым­­­дағы бюджетке тұрақты салмақ тү­сіреді. Экономикалық есептеулерге сәйкес, әлеуметтік нысандардың жылдық пайда­лану шығындары олардың құрылыс құ­ны­ның 10-15 пайызын құрайды. Демек, ны­­­сандар толық іске қосылғаннан кейін рес­публикалық және жергілікті бюджет­тер­ге олардың сапалы жұмысын қамтама­сыз ету үшін жыл сайын қосымша ондаған мил­лиард теңге тұрақты жүктеме түсеті­нін ескерген жөн.

Әлеуметтік нысандардың іске қо­сылуы экономиканың өнімділік әлеуетіне бір­неше стратегиялық бағытта оң әсер ете­ді. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы бойы­нша өңірлерде перзентханалар, ана мен бала орталықтары мен босандыру ны­­­­сандарының салынуы ана мен бала өлім-жітімін төмендетуге тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар инсульт, травмато­ло­гия және ерекше қажеттілігі бар бала­лар­ға арналған оңалту орталықтарының ашылуы мүгедектік деңгейін төмендетіп, еңбекке қабілетті азаматтарды экономи­калық айналымға «қайтарады». Дүние­жүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сәйкес, ден­саулық сақтауға салынған әрбір 1 дол­лар ха­лықтың еңбекке қабілеттілік мер­зімін ұзарту және еңбек өнімділігін арт­тыру арқылы ұзақ мерзімде экономикаға 2,5-4 доллар қайтарады. Ал білім беру, спорт және мәдениет инфрақұрылымы ая­сында заманауи мектептер мен инклю­зивті білім беру орталықтары оқушы­лар­дың PISA тесттеріндегі көрсеткіштерін жақ­сартып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде мұндай ке­шендердің салынуы ішкі миграциялық қы­сымды азайтып, өңірлердегі өмір сүру са­па­сын ірі қалалар деңгейіне жақында­тады.

Жаңадан салынған нысандардың нә­ти­желілігін бағалау үшін бірқатар нақты сан­дық және сапалық индикаторлар қол­данылады. Денсаулық сақтау жүйесінің нәти­желілігі 100 мың тірі туғандарға шақ­қандағы ана өлімінің деңгейі, 1 000 тірі туғандарға шаққандағы нәресте өлі­мі­нің деңгейі, еңбекке қабілетті жастағы ха­лықтың созылмалы аурулардан қайтыс болу деңгейінің төмендеу пайызы және оңал­ту курстарынан өткен азаматтардың ең­бек қызметіне қайта оралу үлесі көрсет­кіштері арқылы бағаланады. Ал білім беру мен адами капиталдың дамуын Дүние­жүзі­лік банктің Адами капитал индексінің өсімі, PISA халықаралық рейтингіндегі өңір­лік алшақтықтың қысқаруы және ауыл мен қала арасындағы тиісті инф­ра­құрылыммен қамтамасыз етілу деңгейінің ал­шақтығы сияқты көрсеткіштер айқын­дайды.

Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңгенің инфрақұрылымға бағытталуы мем­лекеттік қаржыны тиімді пайдалану және оның экономикалық қайтарымын қам­тамасыз ету тұрғысынан үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Қазақстанның бұған дейін­гі ірі мемлекеттік бағдарламалары, атап айтқанда «Нұрлы жол», индуст­рия­лан­дыру карталары және өңірлік ауыз су мен жол жобалары бірнеше жүйелі проб­лемаға тап болғанын көрсетті. Солардың қатарында жобаларды жобалау-сметалық құжаттама деңгейінде шикі дайындау салдарынан құрылыс барысында қайта сарап­тамалар жүргізіліп, бастапқы құн­ның 30 пайыздан 100 пайызға дейін қым­баттауы, яғни сметаның негізсіз өсуі жиі тір­келді. Сонымен қатар созылмалы ин-ф­рақұрылымдық құрылыстардың мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін кешіктіріліп, нә­ти­жесінде ғимараттар пайдалануға беріл­генше моральдық және физикалық тұр­ғыдан тоза бастады. Мердігерлерді таң­даудағы ашықтықтың жоқтығы, дем­пингтік бағалар және бақылаушы ор­ган­дардың сыбайласуы салдарынан жаңадан салынған жолдар мен мекемелер 1-2 жыл­да қайта жөндеуді талап етті.

Қаржыны тиімді жұмсау үшін не істеу керек?

Ұлттық қордан бөлінетін қаражат­тың тиімсіз жұмсалуына жол бер­меу үшін мемлекеттік жобаларды бақылау жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Бірін­ші­ден, жобаларды іріктеу саяси немесе әкім­шілік шешіммен емес, тек қатаң эко­номикалық модельдеумен жүзеге асы­ры­луға тиіс. Жобаның бастапқы құнымен қа­тар, оны кейінгі 10 жылда ұстап тұру шы­ғындары мен халыққа беретін нақты қайтарымы алдын ала техникалық-эконо­ми­калық негіздеу арқылы бекітілуі қажет. Екін­шіден, дәстүрлі мемлекеттік сатып алу форматынан бас тартып, халықаралық инженерлік-құрылыс стандарттарына өту маңызды. Мұнда бас мердігер жобаның сапа­сына, бекітілген бюджеттен аспауына және мерзімінде тапсырылуына толық қар­жылық кепілдікпен жауап береді. Үшін­шіден, барлық құрылыс процестеріне 3D-модельдеу мен ғимараттардың сапа­сын қашықтан цифрлық мониторингтеу жүйесі міндеттелуге тиіс.

Бұл ретте 6,5 триллион теңгенің ішкі экономикада қалуы отандық шағын және орта бизнесті жобаларға қаншалықты тар­­­­туға болатындығымен тікелей бай­ла­нысты. Құрылыс материалдары мен ком­му­никациялық құралдар бойынша отан­дық өндірушілердің үлесін 75-80 пайыздан тө­мендетпеу талабы қойылуға тиіс. Ин-фрақұрылымдық жобалар басталмас бұрын мемлекет отандық зауыттармен ұзақ­мер­зімді кепілді сатып алу келісім­шарттарын жа­сасуы керек, бұл бизнеске өндіріс өнім­­­­ділігін ұлғайтып, жаңа тұрақты жұ­мыс орындарын ашуға мүмкін­дік береді. Сон­дай-ақ бұрынғы жобаларда бас мерді­гер­лердің бюджет ақшасын алып, оны орындаған жергілікті шағын компа­ния­лар­ға ақшаны айлап төлемей қою фак­ті­лері­нің орын алғанын ескерсек, бұған жол бермеу үшін эскроу-шоттар мен тікелей тө­лем жүйесі енгізілуге тиіс.

Кейінгі жылдары мемлекеттік орган­дардың жіберген басты қателігі –  бөлінген соманың 100 пайыз «игерілуін» басты же­­­тістік ретінде көрсетуінде болды. Бұл жүйе­ні түбегейлі өзгертіп, нақты эко­но­микалық-әлеуметтік нәтижелерді өлшей­тін түйінді тиімділік көрсеткіштерін ен­гізу қажет. Мәселен, жол құрылысында жол­дың пайдалануға берілгеннен кейінгі 5 жылда апат болмауы мен жөнделмеу мерзімі бағаланса, денсаулық сақтауда са­лынған нысан есебінен өңірдегі нау­қастарды қабылдау уақытының қанша­лық­ты қысқарғаны мен ана мен бала өлімінің төмендеу пайызы есепке алынуға тиіс. Коммуналдық инфра­құры­лымда желілердегі жылу мен су ысыра­бы­ның нақты көрсеткіштерге азаюы басты өл­шем болуы шарт.

Қаражаттың мақсатты жұмсалуын қам­тамасыз ету үшін қоғамдық бақылау­дың пәрменді тетіктерін құру аса маңыз­ды. Қордан қаржыландырылатын әрбір нысан бойынша ашық цифрлық плат­фор­ма құрылып, онда бөлшектелген смета, бекітілген мердігер мен қосалқы мердігер­лер тізімі, сондай-ақ құрылыс барысының онлайн-камералық трансляциясы ашық орналасуы керек. Жоғары аудиторлық палатамен қатар сарапшылық қауым­дастық пен тәуелсіз аудит фирмаларына жобаларды қабылдау кезеңінде шешуші дауыс құқығы берілуі және өңірлерде жер­гілікті тұрғындардан құралған бақылау кеңес­терінің жұмысы заңнамалық деңгей­де бекітілуге тиіс.

Қазақстан озық елдердің тәжірибе­лері­не сүйене отырып Ұлттық қордың қар­жылық активтерін сақтау, бюджет тұ­рақ­тылығы және экономиканың ұзақ­мер­зімді әлеуетін арттыру міндеттерін үй­лес­тіру үшін бірнеше түбегейлі басқару қағи­датын енгізу қажет. 
Біріншіден, Ұлттық қор­дан алы­на­тын транс­ферт­­­тер көлемі Норве­гия­­ның фис­кал­дық ережесіне ұқсас қағи­дат­ты енгізіп, Ұлттық қордан бюджетке бері­­летін транс­ферт­терді қор актив­те­рі­нің ұзақ­мерзімді тұ­рақ­тылы­ғымен және күті­ле­тін нақ­ты кірістілігімен бай­ла­ныс­тыру қа­жет.  

Екіншіден, мемлекет жоспар­ла­ған 6,5 триллион теңгенің коммерциялық және өзін-өзі өтейтін бөлігін тікелей мемле­кет­тік-жекемен­шік әрі­птес­тік, халықаралық қаржы институт­тары­ның төмен пайыз­ды ұзақмерзімді несиелері арқы­лы жүзеге асыру қажет. Өйткені халық­ара­лық қар­жы институт­та­рының ресурс­тары мен МЖӘ механизм­дері мемлекеттік бюд­жетке салмақ тү­сірмей, ірі инфра­құры­лым­дық жоба­лар­дың кем дегенде 40-50 пайызын қаржы­лан­дыруға қабілет­ті. Ал әлеуметтік және бюд­жеттік жобалар ішкі са­лық­тық базаны кеңейту және тиімсіз суб­сидияларды қыс­қарту арқылы боса­тыл­­ған қаражат есе­бінен қамтамасыз етілуге тиіс. 

Үшіншіден, егер ерекше жағдайларда Ұлттық қордан ішкі экономикалық жо­ба­ларға қаражат бөлінетін болса, ол қай­та­рымсыз субсидия немесе трансферт емес, қатаң нарықтық шарттардағы қайтарым­ды инвестиция ретінде ғана ресімделуге тиіс. 

Төртіншіден, бөлінген қаражаттың тек «игерілуін» емес, салынған нысан-дардың 5-10 жылдық сапасы мен эконо-мика­лық қайтарымын, яғни өнімділік өсімін, ло­гистикалық шығындардың азаюын жә­не өңірлік теңсіздіктің қысқа-руын ба­ға­лайтын қатаң индикаторлық жүйе құры­лып, барлық жобалар бойынша ашық циф­рлық интерактивті карталар жүйесі іске қосылуы керек. 

P.S. Ұлттық қордың 6,5 трлн теңге көлеміндегі қаражатын инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Алайда оның нәтижесі бөлінген қаржының көлемімен немесе игерілу қарқынымен емес, елге әкелген нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымымен өлшенуге тиіс. Өйткені Ұлттық қор – бүгінгі экономикалық міндеттерді шешетін қаржы көзі ғана емес, келер ұрпақтың әл-ауқатына қызмет етуге тиіс стратегиялық капитал. Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік тек ақшалай активтерді сақтап қалу ғана емес, сол байлықты сыбайлас жемқорлықтан ада, тиімділігі жоғары және сапалы озық инфрақұрылым мен бәсекеге қабілетті экономикалық әлеует қалыптастыруға жұмсауда жатыр. Сондықтан оның қаражатын пайдалану кезінде қысқамерзімді қажеттіліктер мен ұзақмерзімді ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтау Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы мен экономикалық дербестігінің басты шарты болып қала береді.