Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасында жоғары технологиялық нейрохирургиялық оталар жасалды. 20-21 қараша күндері елордалық білікті мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сабағы аясында өңір дәрігерлері 10 науқасқа күрделі операция жасады.
Бүгінде елімізде инсульт пен эпилепсия секілді ауруларды емдеу денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы уақытқа дейін ми қан тамырлары мен орталық жүйке жүйесіне аса күрделі ота жасату үшін ақтөбеліктер Астана мен Алматыдағы республикалық медициналық орталықтарға барып, апталап, кейде айлап кезек күтуге мәжбүр болатын. Енді озық медициналық технологиялардың өңірде де қолданыла бастауы еліміздің батысындағы науқастарға сапалы ем алуға мүмкіндік беріп отыр.
Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандарының жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы барысында Ақтөбе облысында алғаш рет эпилепсияны емдеу мақсатында кезбе жүйкені ынталандыру (VNS-терапия) отасы жасалды. Бұл заманауи әдіс ұзақ жыл бойы дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін эпилепсиядан зардап шегіп жүрген науқастардың ұстама жиілігін азайтып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар хирургтер инсульттен кейінгі ауыр асқынулар мен ми қан тамырларының тарылуын емдеу мақсатында да бірқатар күрделі ота жасады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлыбек Хасановтың айтуынша, эпилепсиямен ауыратын ағасы отыз жылдан бері дәрі-дәрмектің көмегіне сүйеніп келген. Мамандардың бірлескен кеңесінен кейін оған нейростимулятор орнату туралы шешім қабылданған. Екі сағатқа созылған күрделі ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы тұрақты.
Дертіне шипа іздегендердің қатарында зейнеткер ұстаз, Семей ядролық сынақ полигонының ардагері Әбдірахман Асанғали да бар. 2021 жылы инсульт алған қария кейінгі кезде басы жиі ауырып, көзі қарауыта берген соң дәрігерлерге жүгінген. Отадан кейін ардагердің денсаулығы едәуір жақсарған.
Қан тамырына стент орнатылған Ырза Жұмағалиева да ота алдында қатты қобалжығанын айтады.
– Нейрохирургия бөлімінің қызметкерлері өте жылы жүзді, мейірімді екен. Күніне екі рет жағдайымызды сұрап, дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауымызды қадағалайды. Тамағы да, күтімі де көңілімнен шықты. Басында отадан қорқып, түнімен ұйықтай алмап едім. Қазір бәрінің сәтті өткеніне шексіз қуаныштымын. Дәрігерлерге алғысым зор, – дейді ол.
Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Руслан Қажығалиевтің айтуынша, екі күн ішінде жасалған он операцияның барлығы ойдағыдай өткен. Елордалық әріптестермен бірлескен бұл тәжірибе өңірде күрделі нейрохирургиялық оталардың жаңа түрлерін жасауға жол ашты.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаспақ. Атап айтқанда, 2027 жылы өңірге эпилептолог маман даярлау және тағы бес науқасқа нейростимулятор орнату жоспарланып отыр. Ең бастысы, құны жоғары мұндай күрделі оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында науқастарға тегін жасалады.
Ж.КӨПЖАНОВА