Қазақ үшін қой жүні қашанда тұрмысқа қажетті, береке мен байлықтың көзі болған. Алайда нарық заманында жүннің бағасы құлдырап, сұраныс азайғалы бері шаруалар қырқылған жүнді өртеуге немесе қоқысқа тастауға мәжбүр. Былтыр Ақтөбеде Орталық Азияда баламасы жоқ, қой жүнін терең өңдейтін зауыт іске қосылғанда, көпшілік «енді жүннің бағы жанатын болды» деп қуанған еді. Алайда кәсіпорын төрт облыстың шаруаларынан шикізат қабылдауға дайын болғанымен, ауылдағы ағайын әлі де «жол алыс, бейнеті көп» деп аяқ тартып отыр. Мұның себебі неде? Жүнді кәдеге жаратуға не кедергі?
Сегіз мың қойдың жүні қайда кетіп жатыр?
Байғанин – Ақтөбе облысының шалғай аудандарының бірі. Мұнда ұзақ жылдан бері «Мұңал» шаруа қожалығын басқарып келе жатқан белгілі фермер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сауыт Ғазиз тұрады. Мамандығы қаржыгер болғанымен, әке аманатына адалдық танытып, 2000 жылы мал шаруашылығының тізгінін ұстаған азамат бүгінде қазақтың құйрықты қылшық жүнді асыл тұқымды қойының 8 мың басын өсіріп отыр. Қожалықта 14 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бір қарағанда, шаруашылықтың ісі ілгері. Алайда осыншама малдан алынатын шикізаттың бір бөлігі кәдеге аспай, рәсуа болып жатыр. Мал басы көбейген сайын қырқылатын жүннің көлемі де арта түсетіні белгілі. Ал оны жинау, сақтау, өткізу мәселесі шешілмесе, шаруаның қосымша табыс көзіне айналуға тиіс шикізат керісінше артық машақат туғызады.
– Қойды негізі жылына екі рет, көктем мен күзде қырқады ғой. Бірақ біздің мал далада ұзақ жайылатындықтан, тоңбасын деп көктемде ғана қырқамыз. Әр қойдан 2-2,5 келідей жүн шығады. Бұрын жүнді өртейтінбіз, кейінгі кезде мал өлексесін тастайтын жерге апаратын болдық. Яғни, қоқысқа тастаймыз. Былтырдан бері жас жігіттер «ГАЗель» көлігімен ауыл аралап, жүнді тиеп алып кетіп жүр. Шашылып жатпасын деп тегін береміз. Шыны керек, Ақтөбедегі зауытқа жүн тапсырып көрмеппін. Шалғайдан облыс орталығына көлік жалдап, жүн тасып көрмеген соң, машақаты көп, табысы аз тірлік деп санаймын, – дейді Сауыт Ғазиз.
Қарапайым есепке жүгінсек, бір ғана «Мұңал» қожалығындағы 8 мың қойдан жылына шамамен 16-20 тонна жүн алынады. Ал облыс бойынша қой мен ешкі саны 1,18 миллион басқа жеткенін ескерсек, өңірдің жүн өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету әлеуеті аз емес екенін аңғарамыз.
Әрине, жүнді тегін беріп жіберу немесе қоқысқа тастау шаруаның өзіне де тиімді емес. Алайда оны өткізуге жұмсалатын шығын мен түсетін табыстың арақатынасы көп нәрсені шешеді. Оның үстіне, қырқылған жүнді арнайы орынға жинап, ылғалдан сақтап, тасымалдауға дайындау да қосымша еңбекті қажет етеді. Сондықтан шалғайдағы мал өсірушілер үшін шикізатты сатып алатын кәсіпорынның болуы ғана жеткіліксіз. Оған жүнді қалай және қандай шығынмен жеткізетіні де маңызды.
6 миллиард теңгелік зауыт не ұсынады?
Шаруалар жүн өткізудің тиімділігіне күмәнмен қарағанымен, Ақтөбеде 2025 жылы пайдалануға берілген жүн өңдейтін зауыт өңірдегі мал шаруашылығы үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр. Жалпы, құны 6 млрд теңгеге жуық, негізгі инвестициялық құны 5,3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында қой жүнін толық өңдейтін заманауи өндіріс желісі іске қосылған.
Бұл – Орталық Азиядағы 100 пайыз табиғи қой жүнінен тоқыма емес материалдар өндіретін алғашқы әрі жалғыз кәсіпорын. Зауыт жылына 3 600 тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2 100-2 200 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.
Мұнда қой жүні құрылыс пен жиһаз өндірісінде, СИП және сэндвич-панельдер жасауда, өнеркәсіптік сүзгілер өндірісінде, сондай-ақ дәстүрлі үлгідегі құрылыстарда қолданылатын экологиялық таза материалдарға айналады. Жүннен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдардың қолданылу аясы да кең. Бүгінде ішкі нарықты қамтып отырған кәсіпорын болашақта өнімдерін экспортқа шығаруды көздеп отыр.
Жобаның маңыздылығы – қой жүнін бастапқы өңдеумен ғана шектелмей, одан нарыққа қажетті дайын өнім шығаруында. Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу арқылы оның қосылған құнын арттыруға, отандық өндірістің шикізаттық қорын қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Бірақ мұндай кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі шикізаттың уақытылы әрі жеткілікті көлемде жеткізілуіне тікелей байланысты. Қой қырқу маусымдық жұмыс болғандықтан, жүнді жинау мен сақтау ісін де алдын ала ұйымдастыру қажет. Бұл ретте зауыт пен шаруалар арасында тұрақты іскерлік байланыстың қалыптасуы айрықша маңызды.
Жүнге қандай талап қойылады?
Зауыт Ақтөбеден бөлек, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының фермерлерінен де шикізат қабылдайды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, шикізатқа қойылатын талап аса күрделі емес.
Ең басты талап – жүннің тазалығы. Жүн жуылмаған болса да, құрғақ, табиғи иісі сақталған, шірімеген, зең баспаған және жәндіктерден таза болуға тиіс. Сондай-ақ бояу мен мазутқа қатты былғанбауы шарт.
Шикізат сұрыбына қарай бағаланады. Бірінші сұрыпты жүнге базалық бағаның 100 пайызы, екінші сұрыпқа 80 пайызы, үшінші сұрыпқа 50 пайызы төленеді. Төлем екіжақты шарт негізінде, жүкқұжат пен электрондық шот-фактура арқылы шаруаның есепшотына аударылады.
Демек, шаруалар үшін жүнді қырыққаннан кейін оны дұрыс жинап, сұрыптап, сақтаудың да экономикалық маңызы бар. Шикізаттың сапасы неғұрлым жоғары болса, оның бағасы да соғұрлым жоғары болмақ. Ал ашық аспан астында ұзақ жатып, жауын-шашында қалған жүннің сапасы төмендейтіні белгілі.
Дегенмен шаруаның жүн өткізуге қаншалықты мүдделі болатынын анықтайтын басты көрсеткіштің бірі – сатып алу бағасы. Фермер бір келі жүннің нақты бағасын, тасымалдау шығынын және қолына түсетін қаражатты алдын ала есептей алуы керек. Сондықтан кәсіпорынның шикізат қабылдау тәртібімен қатар, сатып алу бағасы туралы ақпараттың да ауылдағы мал өсірушілерге кеңінен таралғаны жөн.
Шикізат пен өндірістің арасын не жалғайды?
Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауға қомақты қаржы бөліп отыр. Бір ғана Ақтөбе облысында биыл саланы субсидиялауға 16,5 млрд теңге бөлініп, он айда өндірілген өнім көлемі 396,1 млрд теңгеге жетті. Мал басы да жыл санап өсіп келеді.
Алайда мал басының артуы ет пен сүт өндірісінің көлемімен ғана өлшенбеуге тиіс. Малдан алынатын өзге де шикізатты тиімді пайдалану ауыл шаруашылығының табысын арттыруға ықпал етеді. Соның бірі – кейінгі жылдары шаруалар үшін құнын жоғалтқан қой жүні.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған өңдеуші кәсіпорын мен шикізат иесі – шаруаның арасындағы алшақтықты жою өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине, Байғанин секілді шалғай аудандардан әр шаруаның жеке көлік жалдап, Ақтөбеге жүн тасуы тиімсіз болуы мүмкін. Әсіресе, мал басы аз қожалықтардың мұндай шығынды көтеруі қиын.
Бұл түйткілді шешудің бірнеше жолы бар. Соның бірі – ауыл шаруаларының өзара келісіп, жүнді бір жерге жинап, көлемді жүк көлігін жалдауы. Мұндай жағдайда тасымалдау шығынын бөлісуге, кәсіпорынға бір мезгілде мол көлемде шикізат жеткізуге мүмкіндік туар еді.
Екінші жолы – зауыт тарапынан немесе аудандық әкімдіктердің қолдауымен ауыл-аймақтарда арнайы жүн қабылдау бекеттерін ашу. Мұндай бекеттерде шикізатты өлшеп, сұрыптап, уақытша сақтауға жағдай жасалса, шаруалар облыс орталығына сабылмас еді. Ал кәсіпорын әр ауылды аралап, шикізат іздемей, белгілі бір нүктелерден жинап әкетуге мүмкіндік алады.
Жүн жинау ісіне жергілікті кәсіпкерлерді тартудың да келешегі бар. Ауылдарды аралап, жүн жинап жүрген азаматтардың болуы бұл бағытта белгілі бір тәжірибенің қалыптаса бастағанын көрсетеді. Ендігі мәселе – осындай бастамаларды жүйелі жолға қойып, шикізат иесі мен оны өңдеуші кәсіпорынның арасындағы байланысты нығайту.
Мұның экологиялық маңызы да жоқ емес. Қырқылған жүнді өртеу немесе бейберекет тастау орнына өндірістік айналымға енгізу ауыл маңындағы қалдықтардың азаюына ықпал етер еді.
Қалай десек те, қой жүнін кәдесіз қалдық ретінде қабылдайтын түсініктен арылатын уақыт жетті. Қоқысқа тасталған әр тонна жүн – шаруаның қосымша табыс табу үшін пайдалана алмаған мүмкіндігі, ал өңдеуші кәсіпорын үшін қолжетімсіз болып қалған шикізат.
Ақтөбеде заманауи зауыт салынды, өңірде шикізат та жеткілікті. Ендігі міндет – осы екі тараптың арасындағы байланысты жолға қою. Сонда ғана қой жүнін терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобаның игілігін ауылдағы ағайын да көреді.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе