Құрылтайда Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің депутаттары әзірлеген «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» заң жобасы таныстырылды. Таныстырылымды комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков жүргізді. Жиынға депутаттар, мемлекеттік органдар мен шекаралас өңірлердің өкілдері, сарапшылар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Сол жиында Президент шекара маңындағы елді мекендердің ел қауіпсіздігі үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтіп, оларды дамытуға арналған арнайы заң қабылдауды ұсынған еді.
Қазақстанның бес мемлекетпен арадағы құрлықтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 398 шақырым. Еліміздің 14 облысы көрші мемлекеттермен шектеседі. Таныстырылымда келтірілген мәліметке сүйенсек, мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі аумақта 1 283 ауылдық елді мекен орналасқан. Онда 1,7 миллион адам тұрады.
Алайда шекаралас өңірлердің бәрінің жағдайы бірдей емес. Кейбір ауылдар ірі қалалар мен экономикалық орталықтардан шалғай орналасқан. Шекаралық режимге байланысты шектеулер де бар. Оның үстіне, мұндай елді мекендерде күнделікті тұрмысқа және шаруашылық жүргізуге кететін шығын көп болуы мүмкін. Өңірлердің табиғи-климаттық, демографиялық және экономикалық ерекшеліктері де әртүрлі.
Сондықтан жаңа заң жобасында әр аумақтың жағдайына қарай қолдау көрсету ұсынылған. Құжаттың негізгі мақсаты – шекаралас өңірлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өңірлердің даму деңгейіндегі алшақтықты азайту және тұрғындардың туған жерінде тұрақтап қалуына жағдай жасау.
Жобаға сәйкес мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан кенттер, ауылдар, ауылдық округтер, аудандар мен қалалардың аумақтары шекара маңындағы аумақтар санатына жатқызылады. Ал шекарадан 25 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан әрі мемлекеттің айрықша қолдауын қажет ететін елді мекендер шалғайдағы шекара маңындағы ауылдар ретінде белгіленеді.
Мұндай аумақтардың арнайы тізілімі де жасалады. Елді мекендерді тізілімге енгізу жөнінде әкімдіктер ұсыныс береді, ал тізілімді өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Экономика мен инфрақұрылымға басымдық беріледі
Заң жобасында шекаралас өңірлерді дамытудың бірнеше бағыты белгіленген. Соның бірі – білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру, мамандар даярлау, жастарды ауылға тарту және олардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау.
Бұдан бөлек, ішкі және шекарааралық туризмді дамыту, сауда байланыстарын жандандыру, логистикалық нысандар салу ұсынылады. Өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, өнім өңдеу ісін және шағын кәсіпкерлікті өркендетуге де көңіл бөлінбек. Сонымен қатар тұрғындардың жол, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды пайдалану мүмкіндігін кеңейту маңызды міндеттердің бірі саналады.
Бұл ретте елімізде жұмыс істеп тұрған экономикалық және өндірістік алаңдардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделген. Олардың қатарында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» индустриялық аймағы, Жамбыл облысындағы Қырғызстанмен шекарада орналасқан сауда-логистикалық кешеннің арнайы экономикалық аймағы және Түркістан облысындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы бар.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және отбасылық бизнеске микрокредит беру, несие мен лизингтің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттер бойынша кепілдік беру ұсынылады. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға да басымдық беріледі.
Сонымен бірге инвестициялық жобаларды іске асыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа нысандар салу, даму институттары мен жеке кәсіпкерлерді өңірлерге тарту қарастырылған. Мұның бәрі өңірлерде кәсіп ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және тұрғындардың табыс табу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Шалғай ауылдардағы мамандардың жалақысы көтерілуі мүмкін
Жаңа заң жобасындағы маңызды ұсыныстардың бірі – шекараға жақын орналасқан шалғай ауылдарға білікті мамандар тарту. Ол үшін мемлекеттік шекарадан 25 шақырымға дейінгі аумақта жұмыс істейтін қызметкерлердің лауазымдық айлық ақысын есептеу кезінде 1,5-ке дейінгі арттыру коэффициентін қолдану ұсынылып отыр.
Бұл шара денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында еңбек ететін қызметкерлерге қатысты болмақ.
Қолданыстағы Еңбек кодексінде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін бюджет қызметкерлерінің жалақысына мәслихаттың шешімімен кемінде 25 пайыз үстемеақы қосу қарастырылған. Ал жаңа заң жобасында шалғайдағы шекара маңы ауылдарында еңбек ететін мамандарға бұдан бөлек қолдау көрсету ұсынылған.
Сондай-ақ мұндай ауылдардағы мектептер мен медициналық ұйымдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін міндетті нормативтер белгіленбек. Мамандарды ауылға тарту үшін оларға тұрғын үй беру, жер учаскелерін бөлу, әлеуметтік жеңілдіктер ұсыну, гранттар мен субсидиялар беру де қарастырылып отыр.
Мемлекеттік органдардың міндеті айқындалады
Жобада шекара маңындағы аумақтарды дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың міндеттері де нақтыланған. Орталық мемлекеттік органдар қосымша қаржы бөлу және кредит беру жөнінде ұсыныстар енгізіп, инвестиция тартуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы мектептер мен ауруханалардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қажетті нормативтерді белгілейді.
Мәслихаттар өңірлерді дамытуға арналған іс-шараларды бекітіп, қоғамдық тыңдаулар өткізеді. Ал әкімдіктер арнайы тізілімге енгізілетін елді мекендер жөнінде ұсыныс беріп, даму жоспарларын әзірлейді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаларды әзірлеуге жауапты болады.
Қажетті қаражат бюджет заңнамасына сәйкес бөлінбек. Қаржы бөлу кезінде әр аумақтың жағдайы мен қажеттілігі ескеріледі. Айта кету керек, заң жобасында әзірге бөлінетін қаржының нақты көлемі белгіленбеген.
Жалпы, жаңа заң жобасы шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін жүйелі түрде шешуге бағытталған. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және білікті мамандардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау арқылы бұл өңірлердің әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Өйткені шекара маңындағы елді мекендерді дамыту – тек өңірлік мәселе емес, елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына да тікелей қатысты маңызды міндет.