Мемлекет басшысы 25 қарашада AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Конференция қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Конференция аясында жүргізілген келіссөзде цифрландыру мен цифрлық технологиялар саласындағы байланысты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және саяси байланыстардың ахуалы мен алдағы даму мәселелері пысықталды.
Технологиялық серіктестіктің жаңа кезеңі
Мемлекет басшысы жасанды интеллект тақырыбы талқыланған AI Journey 2026 конференциясының маңызына тоқталды.
– Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының E-Government, яғни электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздікті дамыту барысын қызығушылықпен зерделеп отыр.
– Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бағытында белсенді жұмыс атқарып жатқанына назар аударды.
– Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты да пікір білдірді.
– Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті аталған декларацияның мазмұнына оң баға беріп, мұны Ресей дипломатиясының жетістігі деп бағалады.
Өз кезегінде Владимир Путин сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
– Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушылармен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. 30 миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.
Екі ел басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Әлемнің жаңа геотехнологиялық картасы сызылып жатыр
Ресейге жұмыс сапарының екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясындағы іс-шараларға қатысты.
Қазақстан мен Ресей президенттері екі елдің жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін таныстыратын көрмені тамашалады.
Қазақстанның көрме алаңында «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, көлік және FinTech салаларындағы жасанды интеллект секілді алты негізгі бағыт қамтылған. Ресей тарапының экспозициясы білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, сот ісін жүргізу, мұнай өнеркәсібі және басқа да салалардағы цифрлық шешімдерге арналды.
Екі елдің салалық ведомство басшылары жасанды интеллектіні қолдану арқылы жүзеге асырылып жатқан басым жобаларды таныстырды.
AI Journey («Жасанды интеллект әлеміне саяхат») – жасанды интеллект технологияларын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған дәстүрлі халықаралық конференция. 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жиын осы уақыт ішінде саладағы беделді халықаралық алаңға айналды.
Конференцияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласының білікті мамандарының басын қосқан форумға шақырғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді.
Мемлекет басшысы Ресейдің ғылым мен инженерия саласындағы тарихи жетістіктеріне тоқталып, Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Николай Лобачевский, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица секілді ғалымдардың адамзат өркениетіне қосқан үлесін атап өтті. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалғанын еске салды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, осы игі дәстүр қазіргі Ресейде де лайықты жалғасын тапқан. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады.
– Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Яндекстің» заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. «Курчатов институты», «Сколково», «Иннополис», «Технополис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу Қазақстандағы реформалар бағдарламасының басым бағыты екенін жеткізді.
– Биылғы 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық.
– Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.
– Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның IT экспорты 1 миллиард доллардан асты
Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.
– Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни 13 миллион қолданушы тіркелген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
БҰҰ-ның соңғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстан электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде сегіз сатыға көтеріліп, әлемде 16-орынға тұрақтаған.
Сондай-ақ Президент Қазақстанда электронды қаржы қызметтері дамып, технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2 700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеріп жатыр.
– Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ортақ жобалардың келешегі
Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ахуалға да тоқталды. Оның пікірінше, жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.
– Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр стансасын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» стансасының құрылысында
«Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстың да стратегиялық маңызы зор.
Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіруге және көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылған. Қазан айында екі ел арасында электронды жүкқұжатты пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті ұйымдастырылды.
– Басқаша айтқанда, көлік байланыстарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынына да оң баға берді.
– Қазір елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан «Қазақстан – Сириус» мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық жүйелердің білім саласына әсерін қаперге алу қажет деп санайды.– Заманауи технологиялар
санаулы секундтарда дайын жауап алуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – балаларды өз бетінше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сараптауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жастардың өзі бізді, аға буынды қазіргі заманға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек және жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтарға жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданудың пайдасын түсіндіретін бірлескен жобаны әзірлеуге болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты.
– Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсыныстар мемлекеттер арасындағы сенім капиталын жоғары технологиялар саласындағы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа табыстармен толықтыруды көздейтінін айтты.
– Бірлескен бастамалар халқымызға, компаниялар мен кәсіпорындарға пайдалы нәтижеге ұласуға тиіс. Біз өзара құрмет пен қолдауға арқа сүйеп, аталған міндетті лайықты деңгейде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және «Үлкен үштіктің» декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне білдірген лебізін тағы да жеткізді.
Келешектің кілті – жастардың қолында
Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Юни роботтары мен Борис Эйфман балет театры әртістерінің шоуын тамашалады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті.
Қазақстан Президенті халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеңімпаз атанған жасөспірімдерді осынау бірегей форумға қатысу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл – өз қарым-қабілетіңді әлемге, соның ішінде мемлекеттер басшыларына паш ететін орайлы сәт.
– Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің даму қарқыны одан әрі үдеп, әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен цифрландыруға және жасанды интеллектіге басым стратегиялық міндет ретінде қараймын. Өздеріңізге мәлім, осы мақсатта биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланды. Бұл келесі жылы жұмыс тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Оның мәні – биыл біз осы жолда қарқынды қадам жасадық. Тиісті заңдар, нормалар қабылданды, яғни жасанды интеллектіні дамытудың заңнамалық-құқықтық негізі жасалды. Біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау Сіздердің қолдарыңызда. Қазақстаннан келген азаматтарды ресейлік достарымызбен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басуға шақырамын, – деді Президент.
Мемлекеттер басшылары мен жастардың сұхбаты сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Оқушылар мен студенттер президенттердің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын ғылым, білім, медицина, экономика және өнер салаларында қолдануға қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Қазақстан Президенті пікірталасқа қатысушылардың білімге құштарлығы толастамай, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас таланттар қатысты.
А.БИМЕНДИЕВА