Tatler Asia басылымы Алматыны Азиядағы қысқы демалысқа арналған үздік сегіз бағыттың тізіміне қосты. Қала Жапонияның Хоккайдо, Қытайдың Харбин және Оңтүстік Кореяның Тогюсан курорттарымен қатар аталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Басылымның бағалауынша, Алматының басты артықшылықтарының бірі тау шаңғысы курорттарының қолжетімділігі. Мәселен, «Медеуден» «Шымбұлаққа» аспалы жол арқылы 20 минутқа жетпейтін уақытта баруға болады. Сондай-ақ туристер Талғар асуына барып, әлемдегі түнгі шаңғы тебуге арналған ең биік трассалардың бірінде демала алады.
Мегаполис пен тау курортының үйлесімі шаһар қонақтарына шаңғы тебумен қатар музейлерді, мейрамханалар мен мәдени кеңістіктерді аралауға мүмкіндік береді.
Осы әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында Алматы тау кластері жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жаңа жол салу, шаңғы трассаларын кеңейту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.