Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында цифрлық активтердің заңсыз айналымына, үшінші тұлғалардың банк шоттарына қол жеткізу құқығын сатып алуға және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесу деректері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін ұйымдастырған. Осы мақсатта делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтары, негізінен жастар, оның ішінде студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар тартылған.
Күдіктілер олардың Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен.
Шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтып отырған. Алынған төлем құралдары тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған.
Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.
Күдіктілер түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып, ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен.
Дропперлік шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.