Ақмола облысының Қараөткел ауылында үш қабатты ғимараттан өрт шықты. Оқиға кезінде төрт адам өздігінен сыртқа шығып үлгерген. Ал құтқарушылар ғимарат ішінен екі газ баллонын алып шығып, ықтимал жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында болған. ТЖМ мәліметінше, үш қабатты ғимараттың үшінші техникалық қабатынан өрт шыққан. Оқиға орнына Ақмола облысы мен Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменттерінің өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін ғимарат ішінде болған төрт адам өздігінен қауіпсіз жерге шыққан. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар ғимарат ішінен әрқайсысының сыйымдылығы 27 литр болатын екі газ баллонын алып шыққан. Осылайша, өрт кезінде газ баллондарының қызуынан туындауы мүмкін жарылыс қаупінің алдын алды.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері жалынды 40 шаршы метр аумақта толық сөндірді. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.