Алматыда көлік жүргізушісі мен жаяу жүргіншінің арасындағы жанжал әкімшілік қамаумен аяқталды. Оқиғаға полиция қызметкерлері араласып, сот жанжалға қатысқан ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кешкі уақытта Райымбек даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында болған.
Алматы полициясының мәліметінше, сол сәтте "Боран-127" патрульдік экипажы жол қозғалысын реттеп тұрған. Осы кезде автокөлік жүргізушісі мен жаяу жүргіншінің арасында сөзге келіспеушілік туындап, жағдай жанжалға ұласқан.
Тәртіп сақшылары болған оқиғаны назардан тыс қалдырмай, тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында құқық бұзушылық жасаған азаматтың жеке басы анықталды.
Ер адам Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, оған қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кейін іс материалдары мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданған.
"Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады", – деп хабарлады полиция.