Ұлыбританияда тұратын 35 жастағы Харнаам Каур сырт келбетіне қатысты маңызды шешім қабылдады. Гиннес рекордтар кітабына сақалы толық өскен ең жас әйел ретінде енген ол 20 жылдан кейін сақалын қыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Харнаам Каур бұл жаңалығын әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөліскен. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдау эмоционалдық тұрғыдан оңай болмаған. Дегенмен ол мұны өміріндегі жаңа кезеңнің басталуы ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Британдық әйел сақалсыз өзін көрудің қандай болатыны қызықтыратынын жасырмаған. Алайда ол сырт келбетін өзгертуге асықпайтынын және жаңа бейнесін көпшілікке өзі дайын болғанда ғана көрсететінін айтқан. Каур бұл шешімді өзгелердің қысымымен емес, жеке қалауымен қабылдағанын атап өтті. Оның пікірінше, адамның сырт келбеті қандай болса да, оны сынайтындар әрқашан табылады. Сондықтан ол өзіне қолайлы шешім қабылдауды маңызды санайды.
Харнаам Каурдың сақалы жасөспірім кезінде өсе бастаған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, бұған аналық бездердің поликистоз синдромымен байланысты гормондық өзгерістер себеп болған. 2015 жылы оның есімі Гиннес рекордтар кітабына енгізілді. Сол кезде Харнаам Каур 24 жас 282 күнінде сақалы толық өскен ең жас әйел ретінде ресми рекорд орнатқан.
Кейін ол сырт келбетін өзгертпей, өзін сол қалпында қабылдауды таңдаған. Осы ерекшелігі арқылы әлемге танылып, көпшіліктің назарын аударған.
Енді 35 жастағы рекорд иесі ұзақ жыл бойы сақтап келген сақалын қыруды жоспарлап отыр. Каур бұл қадамның өзінің жеке таңдауы екенін және ешкімнің пікіріне тәуелді болғысы келмейтінін жеткізді.