Жезқазғанда оқушылар қатерлі ісікті ерте анықтайтын құрылғы жасады

Бүгін, 17:39 / Інжу Әлихан
24KZ

Қазақстандық оқушылар адамның тыныс алу кезінде шығарған ауасын талдау арқылы асқазан ауруының ықтималдығын анықтауға арналған құрылғы жасап шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

24KZ телеарнасының мәліметінше, жобаның авторлары – Саян Нұрланов пен Әмір Тәжібек. Кейін олардың идеясын жүзеге асыруға Әліби Әбікен қосылған.

Жас өнертапқыштардың айтуынша, асқазан жарасын анықтау үшін әдетте гастроскопиялық зерттеу жүргізіледі. Ал олар әзірлеген құрылғы адамның дем құрамын талдап, аурудың болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Оқушылар құрылғының сыртқы қорабы мен қосалқы бөлшектерін 3D принтердің көмегімен өздері жасаған. Тек ауру белгілерін анықтауға арналған негізгі датчиктерді сатып алған.

Аталған жоба облыстық байқауда үздік деп танылды.

Жас өнертапқыштар құрылғыны әлі де жетілдіру қажет екенін айтады. Алдағы уақытта жобаны ғалымдардың талқылауына ұсынып, әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр.