Алматыда 12 жастағы оқушы қыз есірткі таратты деген күдікке ілінді

Бүгін, 16:56 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматыда есірткіні сату мақсатында сақтады және жасырын орындарға есірткі қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған үш қыз ұсталды. Олардың ең кішісі небәрі 12 жаста, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Алматыда есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз сақтау және оларды жасырын орындарға орналастыру күдігімен 15, 14 және 12 жастағы үш кәмелетке толмаған қыз ұсталды. Олар 7 және 9-сынып оқушылары. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қадағалау органы басқа да мысалдарды келтірді. Жітіқара қаласында есірткі сататын интернет-дүкенде «қоймашы» болып жұмыс істеген 19 жастағы қыз жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ұстау кезінде одан шамамен 400 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.

Рудный қаласында есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырумен айналысты деген күдікпен 21 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардан шамамен 700 грамм α-PVP синтетикалық есірткісі табылған. Бұл факті бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыскерлер адамдарды есірткі бизнесіне тарту, жарнамалау және есірткі сату үшін интернетті белсенді пайдаланады. Алайда мессенджерлердегі хат алмасулар, тапсырмаларды алу және ақша аударымдары цифрлық із қалдырады. Бұл құқық қорғау органдарына есірткі таратушылар мен курьерлердің жеке басын анықтап, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға шығуға мүмкіндік береді.

Интернет арқылы есірткінің таралуына қарсы күресу үшін «Кибернадзор» жүйесі қолданылады. Оның көмегімен есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мыңнан астам материал, соның ішінде 6 мыңнан астам интернет-дүкен анықталып, бұғатталған. Бұдан бөлек, 619 мыңнан астам дропперлік есепшот бұғатталып, 2,6 миллиард теңгеден астам қылмыстық табысқа тыйым салынған.

Бас прокуратура азаматтарды, әсіресе жастарды есірткі бизнесінің ауыр зардаптары туралы ескертеді.

«Есірткі таратушы немесе курьер ретінде жұмыс істеудің „қауіпсіз жолы“ жоқ. Ауыр зардаптарға әкелмейтін „оңай ақша“ да болмайды», – деп ескертті ведомство.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңдарды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси ұстанымы.

Тэгтер:

Есірткі Алматы жасөпірім