Астанада iPhone сатамын деп төрт адамды алдап кеткен азамат сотталды

Бүгін, 16:22 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Шығыс Қазақстан облысының 31 жастағы тұрғыны жарнамалық сайттарда iPhone смартфондарын сату туралы хабарландырулар орналастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алаяқтық схемасын әзірлеп, ол сенгіш азаматтардан алдын ала төлем алып, кейін тауарды жіберуді ойламастан, олардың телефон нөмірлерін бұғаттап, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 4 жәбірленуші, оның ішінде кәмелетке толмаған бір адам зардап шекті, келтірілген залал сомасы 1 млн 50 мың теңгені құрады.

Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қоюлары толық қанағаттандырылды.

Елорда прокуратурасы азаматтарды интернет арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға және тауарды алғанға дейін бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.