Ақтөбелік бойжеткенге үйленбекші болған Қытай азаматы 30 млн теңгесінен айырылды

Бүгін, 16:18 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде жұмыс істейтін Қытай азаматы шамамен 30 миллион теңгесінен, отбасылық асыл бұйымдары мен қымбат техникаларынан айырылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адамның айтуынша, ол қызбен 2023 жылдың тамыз айында әлеуметтік желі арқылы танысқан. Көп ұзамай қыз әкесі отбасын тастап кеткеннен кейін қиын жағдайға тап болғанын айтып, одан ақша сұрай бастаған. 2024 жылдың жазында екеуінің қарым-қатынасы жақындай түскен. Ал күзде қыз анасының жол-көлік оқиғасынан қаза тапқанын жеткізген.

Оған ипотекалық қарызын жабуға, інісінің операциясына және оқуына төлеуге көмектесу үшін шетелдік азамат қыздың өзі көрсеткен үшінші тұлғалардың есепшоттарына тұрақты түрде ірі көлемде ақша аударып отырған.

2026 жылдың жазында ер адам қызға үйленуге ұсыныс жасап, ата-анасымен таныстыру үшін Қытайға бірге барған. Болашақ келінді жігіттің отбасы жылы қабылдап, оған отбасылық әшекей бұйымдарын, iPhone 17 Pro смартфонын, Apple Watch сағатын, AI көзілдірігін және камералар сыйға тартқан.

Елге оралғаннан кейін қыз Актөбеде той ұйымдастыру үшін 8,5 миллион теңге сұраған. Оның айтуынша, бұл қаражат мейрамхананы алдын ала брондауға және той көйлегін тіктіруге қажет болған. Алайда кейін жігіт мейрамханаға ешқандай алдын ала төлем жасалмағанын анықтаған.

Алданғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген. Тексеру барысында қыздың ата-анасы тірі екені және онымен бірге тұратыны белгілі болған. Жауап алу кезінде актөбелік қыз ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын мойындаған. Шетелдік азамат өзіне келтірілген шығын көлемін кемінде 30 миллион теңгеге бағалаған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қала прокуратурасымен келісілген шешім негізінде қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған. Жәбірленушіге азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылған.

Алайда Қытай азаматы бұл қаулыға шағым түсірмек. Ол өз құқығын қорғау үшін Қазақстан президентіне дейін жүгінуге дайын екенін мәлімдеген.

Тэгтер:

Қытай Ақтөбе Жігіт махаббат Үйлену бойжеткен