11-сынып оқушысы балалар мен ересектерге арналған 15 интерактивті тапсырманы бір платформаға біріктірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Цифрлық алаяқтық, жалған хабарламалар мен интернеттегі қауіп-қатер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған кезеңде Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы №5 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Теңелбай Ақбөбек құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ONLINE SAFE платформасын әзірледі.
Жас зерттеушінің жобасы интернеттегі күмәнді әрекеттерді тануға, жеке деректерді қорғауға және алаяқтық жағдайында дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.
Платформаның ерекшелігі — материалдардың үш жас санатына бейімделуі. Орта буын оқушыларына, жоғары сынып оқушыларына және ересектерге арналған жалпы 15 интерактивті жағдаят енгізілген.
Мәселен, балаларға ойын аккаунтының құпиясөзін сұрау, белгісіз сілтемелер мен интернеттегі қорлау жағдайлары ұсынылса, жоғары сынып оқушыларына жалған жұмыс ұсыныстары, шәкіртақыға қатысты күмәнді хабарламалар мен интернет-саудадағы алаяқтық түрлері түсіндіріледі. Ал ересектерге банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу, SMS-код сұрау және жалған айыппұл хабарламалары секілді жағдайлар қамтылған.
Сайт қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Онда оқыту материалдары, тест, сұрақ-жауап және кері байланыс бөлімдері қарастырылған. Сонымен қатар мәтін мен сілтемені тексеру құралдары, қаріпті үлкейту, контрастты өзгерту және мәтінді дыбыстау мүмкіндіктері бар.
Жоба аясында автор Қазақстан Республикасының заңнамасындағы алаяқтық пен кәмелетке толмағандарды жәбірлеуге қатысты құқықтық нормаларды зерделеп, оларды қарапайым әрі түсінікті тілде күнделікті өмірлік мысалдармен байланыстырған.
Ақбөбек жобаны тек теориялық зерттеу деңгейінде қалдырмай, мектеп оқушылары мен ересектерге таныстыру жұмыстарын да жүргізген. Бастапқы және кейінгі өзіндік бағалауға арналған 10 сұрақтан тұратын сауалнама әзірленген. Ол орта буынның 15 оқушысына, жоғары сыныптың 15 оқушысына және 20 ересек адамға арналған.
Жобаның негізгі мақсаты — интернеттегі қауіп-қатерді танып қана қоймай, одан қорғанудың нақты жолдарын үйрету. Автор платформаны мектептегі сынып сағаттарында, ата-аналар жиналыстарында және кітапханалардағы құқықтық ағарту жұмыстарында пайдалануды ұсынады.
«ONLINE SAFE» жобасы — цифрлық дәуірдегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған оқушының авторлық бастамасы. Платформаға QR-код арқылы өтуге болады.