Атырауда бір күнде 10 жол апаты тіркелді

Бүгін, 15:57 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция жүргізушілерді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, 1 желтоқсаннан бастап қысқы шиналарды пайдалану міндетті екенін еске салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бір күн ішінде қалада 10 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Атырау облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының өкілі Айбек Әлімов жүргізушілерді ауа райы жағдайын ескеруге, көліктер арасындағы қашықтықты сақтауға және күрт маневр жасамауға шақырды.

«Белгіленген талапты орындамаған жүргізушілерге алдымен ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бүгін Атырауда 10 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көктайғақ пен жол жағдайының күрделенуіне байланысты жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырамыз», – деді Айбек Әлімов.

Қазіргі уақытта облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райы қолайсыз болған жағдайда қауіпті учаскелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

 «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, 26 қарашада Қазақстанның 13 өңіріндегі республикалық маңызы бар автожолдарда ауа райы қолайсыз болады деп болжанып отыр.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында қар мен жаңбыр аралас қар жауады деп күтіледі.

Тэгтер:

ауа райы Атырау Жол апаты көлік Көктайғақ Температура