Қарағанды облысында балалар алаңы мен стадионды қиратып кеткендер ұсталды

Бүгін, 11:59 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында балалар алаңы мен стадион аумағындағы қоғамдық мүлікті бүлдірген төрт тұрғын анықталды. Олардың әрекеті әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба арқылы әшкереленді. Күдіктілердің бірі – кәмелетке толмаған қыз, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода үш жігіт пен бір қыздың бөбекжай мен стадион аумағындағы көше жиһаздары мен қоршауларды әдейі бүлдіріп жатқаны көрінеді. Жазбаны назарға алған полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, оқиғаға қатысы бар адамдардың жеке басын анықтады. Нәтижесінде 19 жастағы екі жігіт пен 18 жастағы тағы бір тұрғын ұсталды.

Олар сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар ұсталғандардың бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Оқиғаға қатысқан төртінші адамның көршілес мемлекеттің 17 жастағы азаматы екені анықталды. Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасы ел аумағынан тыс жерде болған.

Жасөспірім ұсталғандардың бірінің атына рәсімделген сенімхат негізінде жүрген. Осыған байланысты ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция қоғамдық мүлікті бүлдірудің салдары заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Қоғамдық орындардың тазалығы мен бүтіндігін сақтау – баршаға ортақ міндет.