Қыста көлік жүргізу қауіпсіздігі: Жүргізушілер нені білуі керек?

Бүгін, 11:19 / Алуа Арман
istockphoto.com

Көктайғақ, қарлы боран, қар үйінділері мен көріну қашықтығының төмендеуі жүргізушілерден ерекше мұқияттылық пен сақтықты талап етеді. Қысқы сапарлардың қауіпсіз өтуі үшін автокөлікті алдын ала дайындап, күрделі ауа райы жағдайында көлік жүргізудің негізгі ережелерін сақтау маңызды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қысқы жолдардағы негізгі қауіп-қатерлер

1. Көктайғақ. Жолдың жүру бөлігінде көзге бірден байқала бермейтін жұқа мұз қабаты пайда болуы мүмкін. Әсіресе ауа температурасы құбылған кезде мұндай учаскелер аса қауіпті.

2. Қар үйінділері. Жолдың ашық учаскелерінде қатты жел қарды ұйтқытып, көлік қозғалысына кедергі келтіретін қарлы бөгеттер қалыптастыруы мүмкін.

3. Көріну қашықтығының төмендеуі. Тұман, қар жаууы мен боран жолды көру мүмкіндігін шектеп, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады.

4. Төмен температура. Қатты аяз аккумулятордың, қозғалтқыштың және автокөліктің басқа да жүйелерінің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Автокөлікті қысқа қалай дайындау керек?

Қыс мезгілі басталмай тұрып, автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, оның қысқы пайдалануға дайындығына көз жеткізу қажет.

1. Қысқы шиналарды орнатыңыз. Маусымға сәйкес әрі техникалық регламент талаптарына сай шиналарды пайдаланыңыз. Олардың жай-күйі мен протектор тереңдігін тексеріңіз.

2. Аккумуляторды тексеріңіз. Төмен температурада оның қуаты төмендейтіндіктен, аккумулятордың жарамдылығына алдын ала көз жеткізген жөн.

3. Техникалық сұйықтықтарды ауыстырыңыз. Антифриз бен әйнек жуатын сұйықтықтың қысқы температураға төзімді болуын қадағалаңыз.

4. Жарық беру құралдарын тексеріңіз. Жарық шамдар, тежегіш шамдары мен бұрылыс көрсеткіштері дұрыс жұмыс істеуі керек. Оларды қар мен мұздан үнемі тазартып отырыңыз.

5. Апаттық жиынтықты дайындаңыз. Автокөлікте сүйреу тросы, күрек, қолшам, жылы көрпе, қозғалтқышты оталдыруға арналған сымдар және қосымша әйнек жуатын сұйықтық болғаны жөн.

Қыста көлік жүргізудің қауіпсіздік ережелері

1. Қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз. Тайғақ жолда тежеу жолы едәуір ұлғаяды. Сондықтан алдыңыздағы көлікпен арақашықтықты сақтаңыз.

2. Қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдаңыз. Рұқсат етілген жылдамдыққа қарамастан, жол жабынының жағдайы мен ауа райын ескеріңіз.

3. Күрт маневр жасамаңыз. Тежеу, жылдамдықты арттыру және бұрылу кезінде қозғалысты бірқалыпты орындаңыз. Рөлді күрт бұру немесе педальдарды кенет басу көліктің сырғанауына әкелуі мүмкін.

4. Жақын жарықты пайдаланыңыз. Қар жауғанда, тұман түскенде және көріну қашықтығы төмендеген кезде бұл басқа жол қозғалысына қатысушыларға көлігіңізді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

5. Көпірлер мен жол өткелдерінде мұқият болыңыз. Мұндай учаскелерде жолдың негізгі бөлігіне қарағанда мұз тезірек қатуы мүмкін.

Ауа-райы қолайсыз болған жағдайда не істеу керек?

• Қатты боран, бұрқасын немесе қар жауған кезде алыс жолға шығудан бас тартып, ауа райының жақсаруын күткен жөн.

• Жолға шықпас бұрын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми ақпараттық ресурстары арқылы жолдардың жай-күйі мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы ақпаратты тексеріңіз.

• Қозғалысқа шектеу енгізілген жағдайда бекеттерді айналып өтуге немесе жабық учаскелермен жүруге тырыспаңыз. Мұндай әрекеттер өмір мен денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

• Тасжолда күтпеген жағдайға тап болсаңыз, тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, көмек сұраңыз.

Тэгтер:

ауа райы көлік жүргізуші Қазавтожол жол Көктайғақ