Алматы қаласының Бостандық ауданында бес адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған баланың өмірін қиған жеке тұрғын үйдегі өрт оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі мен адам өлімінің мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін өрт салдарынан бес адамның қаза тапқаны, олардың арасында бір кәмелетке толмаған баланың бары белгілі болған еді. Өрт туралы хабарлама 112 пультіне сағат 03:44-те түскен. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, Төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы бөлімшесі шақырту түскеннен кейін төрт минуттан соң оқиға орнына жеткен.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себебі анықталуда.