Алматыда жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес адам қаза тапты

Бүгін, 08:34 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматыда бес адам қаза тапты — олардың денесі Бостандық ауданындағы жеке үйде болған өртті сөндіру кезінде табылды, деп хабарлайды turkystan.kz қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, сағат 03:44-те 112 пультіне Алматы қаласы Бостандық ауданында жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

"ТЖД алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі шақырту түскеннен кейін 4 минуттан соң оқиға орнына жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде тұрғын үй толығымен отқа оранып, жалынның ашық әрі қарқынды жануы байқалған", - делінген хабарламада.

Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілген. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан шамамен 35 адам және 9 бірлік техника жұмылдырылған.

Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың денесі табылған.

Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себептері анықталып жатыр.