Екібастұз ГРЭС-1 аумағында жұмысшыны электр тогы соғып, көз жұмды

Бүгін, 00:02 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Павлодар облысындағы Екібастұз ГРЭС-1 электр станциясының аумағында қайғылы жағдай болды. Мердігер компанияның қызметкері электр тогының соғуынан қаза тапқан. Оқиғаға байланысты арнайы тергеу басталды, деп turkystan.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 19 қарашада Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 аумағында тіркелген. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, көз жұмған азамат электр станциясының штаттық қызметкері болмаған. Ол нысанда жұмыс жүргізген мердігер ұйымдардың бірінде еңбек еткен.

"Қазіргі уақытта 2026 жылғы 19 қарашада "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС аумағында мердігер ұйым қызметкерінің өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамның қаза болуына электр тогының соғуы себеп болған. Алайда оның оқиға кезінде қандай жұмыс атқарғаны және қай жағдайда токқа түскені әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.