Қарағандыда қарт жолаушымен жанжалдасып, оның заттарын автобустан сыртқа шығарған №145 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде автобус жүргізушісі мен қарт адамның арасындағы жанжал түсірілген бейнежазба тараған еді. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші зейнеткерді жүгі көп болғандықтан автобустан түсіріп тастаған. Кейін қарияның жерге шашылған азық-түлігін автобус басып өткені айтылды. Оқиға қоғамда қызу талқыланып, оған құқық қорғау органдары назар аударды.
Полиция жүргізушіні жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жүргізушіге қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі жүргізушінің құқық бұзушылық жасаған кінәсі дәлелденгенін хабарлады.
Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қарағандыдағы №5 автобус паркі де болған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілді. Тексеріс аяқталған соң тиісті шаралар қабылданады", – деп мәлімдеді автопарк өкілдері.