25 қарашада Ақмола облысындағы Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында автокөлік таситын автовоз жол апатына ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы тасжолдың 300-шақырымында, Перекатное ауылының маңында болған. FAW маркалы автовоздың жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан жүк көлігі жол жиегіндегі кюветке аударылып кеткен.
Жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Сонымен қатар автовозбен тасымалданып келе жатқан бес автокөлік те механикалық зақымданған.
«Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады», – делінген Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін және жылдамдық режимін сақтауға, сондай-ақ жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Осыған ұқсас оқиға 13 қарашада да болған еді. Ол кезде Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында жаңа автокөліктер тиелген екі ірі жүк көлігі жол апатына ұшыраған. Екі жүк көлігі де жолдан шығып кетіп, кюветке аударылған.