Қазақстанның барлық өңірінде тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды дамытуға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды облысында жоба аясында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «Қазақстанның азаматтық кеңесі» қоғамдық бірлестігімен бірге, тұтыну нарығына мониторинг жүргізуде, олар тауарларды бақылау мақсатында сатып алып, сараптамадан өткізеді.
2026 жылдың басынан бері мониторингпен 200-ге жуық тауар түрі қамтылды. Сараптама жүргізу үшін сатып алынған 98 өнім түрінің 89-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Анықталған бұзушылықтардың қатарында тауар туралы қажетті ақпараттың, оның ішінде мемлекеттік тілдегі мәліметтердің болмауы тіркелді.
Ұсынылған материалдарды қарау нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары талапқа сай келмейтін өнімдерді сатылымнан алып тастау және кері қайтарып алу бойынша шаралар қабылдады.
Сонымен қатар техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган импорттық өнімдерге берілген жеті сәйкестік декларациясының Қазақстан аумағындағы қолданысын тоқтатты. Олардың қатарында дәнді дақылдардан жасалған өнімдер, ет, шұжық және май өнімдері бар.
«Біздің мақсат талапқа сай келмейтін өнімдерді дер кезінде анықтап, олардың сатылуына жол бермеу. Сонымен қатар кәсіпкерлердің тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз тауар ұсынудағы жауапкершілігін арттыру маңызды», - деді Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұтынушыларға тауар сатып алу кезінде өнімнің құрамына, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына және таңбалаудағы ақпараттың толықтығына назар аударуды ұсынады.
«Сапалы өнім» жобасы аясында тұтыну нарығына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасуда.