Алматыда дәрігерлер 72 жастағы науқастан 5 келілік ісікті алып тастады

Бүгін, 16:47 / Інжу Әлихан

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері 72 жастағы науқастың құрсақ қуысынан ірі кистоманы алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ішінің төменгі бөлігі ауырып, сол тұста тығыз түзіліс сезілгенін айтқан 72 жастағы науқас түсті. Компьютерлік томография кезінде құрсақ қуысының басым бөлігін алып жатқан кистома анықталды. Науқас бұған дейін медициналық тексеруден өтпеген.

Науқастың жасын, түзілістің көлемін және операцияның күрделілігін ескере отырып, гинекологтар мен хирургтар ота жасады. Дәрігерлердің мәліметінше, алынған кистоманың салмағы шамамен 5 келі болды. Оның ішінде 10 литрге жуық сұйықтық болған.

«Мұндай жағдайларда ауруды дер кезінде анықтау, дұрыс емдеу тактикасын таңдау және әртүрлі бейіндегі мамандардың үйлесімді жұмысы аса маңызды», – деді аурухананың дәрігер-гинекологы Риза Керемқұлова.

Науқасқа медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлер профилактикалық тексеруден жүйелі түрде өтуге, іштің төменгі бөлігі ауырса немесе сол тұста тығыз түзіліс байқалса, дәрігерге уақтылы қаралуға кеңес береді.