Теміртау қаласының прокуратурасы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы қаңтарда азамат Ч. көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындап, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырды.
Сот белгілеген тыйымға қарамастан, биыл ол қайтадан мас күйінде көлік тізгініне отырды. Бұл жолы ол арнайы техниканы басқаруға құқық беретін тракторшы-машинист куәлігінің бар екенін алға тартып, «Беларусь МТЗ-81.2» тракторын басқарған.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы көлік құралдарын басқару құқығынан айыру тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарды қоса алғанда, көлік құралдарының барлық түрлеріне қолданылатынын дәлелдеді.
Сот айыптаушының дәлелдерімен келісіп, азаматты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және көлік құралдарын мас күйінде басқаруға жол бермеуге шақырады.