Бурабай жайлы туристер білуге тиіс 5 аңыз

Бүгін, 16:19 / Алуа Арман
Фото: Евгения Емельянова

Көптеген саяхатшылар Бурабайды ең алдымен демалыс орны ретінде қабылдайды. Бірақта курорттық аймақтың ормандары, көлдері мен таулары арнайы ережелер қолданылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі болып саналады. Бұл ережелер кейбір туристерге сұрақ туғызады, ал олардың себебін түсінбеу жаңсақ пікірлерге әкеледі. «Бурабай» МҰТП табиғатты қорғау талаптарының мәнін ашып, адамның күнделікті әдеттері табиғатқа неліктен зиян келтіруі мүмкін екенін баяндайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

№ 1 аңыз: Кіру ақысын төлеген соң, кез келген аумақта демалуға болады

Ұлттық паркке кіру ақысы төленсе де, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын орындаудан босатпайды.

Қазақстандағы ұлттық парктердің аумағы төрт функционалдық аймаққа бөлінген: қорықтық режим, экологиялық тұрақтандыру, туристік және рекреациялық қызмет, сондай-ақ шектеулі шаруашылық қызметі. Әр аймақтың өзіндік қорғау және пайдалану режимі қарастырылған. Сол себепті ұлттық парк аумағына кіру мүмкіндігі саяхатшыларға барлық аумаққа рұқсат алғанын білдірмейді.

Бұл аймақтарға бөлініс жабайы жануарлар мекендейтін ортаны, өсімдіктер өсетін аумақтарды және адамның әсеріне ерекше сезімтал табиғи кешендерді сақтауға мүмкіндік береді.

№ 2 аңыз: Ұлттық парк барлық көлдің жағалауын жағажай етіп жабдықтауы тиіс

Жағалау аумағының әрбір бөлігі жаппай демалуға бейімделмеген.

Көл жағасы – адамның тек күнге қыздырынатын, суға түсіп немесе балық аулайтын жері ғана емес. Жағалау аймағы – су экожүйесінің дербес бөлігі. Бұл жерде жәндіктер мен қосмекенділер мекендейді, құстар ұя салады және су өсімдіктері балық шабақтары мен өзге де су ағзаларына пана әрі қорғаныш болады. Жағалаудағы өсетін өсімдіктердің тамыры жағалауды шайылудан да көмектеседі.

Жағажайларды жабдықтау функционалдық аймақтарға бөлу, рұқсат етілген рекреациялық жүктеме және ұлттық парк инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын  ескере отырып, белгілі бір учаскелерде ғана жабдықталады.

Сол себепті табиғи жағалаудың бөліктерін сақтап қалу – табиғат қорғау саласындағы маңызды міндеттердің бірі.

№ 3 аңыз: Тиіндерге тамақ бергенімізді оларға жасаған жақсылық деп білеміз

Туристер жабайы жануарларды тамақтандыру арқылы өзіне зиян келтіруі мүмкін.

Тиіндер де ормандағы басқа тіршілік иелері секілді, белгілі бір қорекке бейімделген. Тұздалған жаңғақтар, тәтті-дәмділер  мен адам дастарханындағы өзге де өнімдер олардың табиғи қоректену жүйесіне сәйкес келмейді.

Жануарларды жүйелі түрде тамақтандыру олардың мінез-құлқына да өзгеріс әкеледі. Олар адамдарға, көлік жолдарына және көпшілік демалатын орындарға жиі жақындай бастайды да, соның салдарынан қосымша қатерге тап болады.

Туристер жануарларға тамақ беруін ұлттық парк мамандары жүргізетін биотехникалық іс-шаралармен шатастыруға болмайды. Арнайы ұйымдастырылған жағдайда жануарлардың қоректену ерекшеліктері, маусымдық жағдай мен нақты түрлердің қажеттіліктері ескеріледі.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару қағидаларына жабайы жануарларды рұқсатсыз қоректендіруге тыйым салады. Жануарларды танып-білудің ең дұрыс жолы – табиғи тіршілігіне кедергі келтірмей, қашықтықтан бақылау.

№ 4 аңыз: Тамақ қалдықтарын орманда қалдыра салуға болады, олар бәрібір ыдырап кетеді

Қалдықтардың ыдырау қасиеті олардың табиғи ортаға қауіпсіз екенін білдірмейді.

Тағам қалдықтары жануарларды адамдар демалатын орындарына тартады, қоректену тәртібін өзгертеді әрі адаммен қажетсіз байланысқа түсуіне себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар органикалық қалдықтардың қаншалықты тез ыдырайтыны температураға, ылғалдылыққа және өзге де жағдайларға байланысты. Жылдың суық мезгілінде бұл үдеріс айтарлықтай баяулайды.

Сондықтан жеміс қабықтарын, нан қалдықтарын және басқа да тағам қалдықтарын өзге қоқыспен бірге жинап, алып кету қажет.

№ 5 аңыз: Орман ішіндегі құлаған ағаштар мен қураған бұтақтар орманға тиісті күтім жасалмай жатқанын білдіреді

Қураған ағаштар орман экожүйесінің табиғаттың бір бөлігі саналады.

Құлаған ағаштар мен ескі түбірлерде жәндіктер пана табады, саңырауқұлақтар мен микроорганизмдер өсіп-өнеді. Сүрек ыдыраған сайын қоректік заттар топыраққа қайта оралады.   

Тірі ағзалардың кейбір түрлері үшін дәл осы қураған ағаштар тіршілік ортасы болып табылады..

Сонымен қатар орман шаруашылығы мамандары орманның санитариялық жай-күйін, өрт қаупі мен келушілердің қауіпсіздігін бағалайды. Санитарлық шаралар нақты учаскенің жағдайына сәйкес белгіленеді. Ұлттық парк орманы қалалық саябақ сияқты болуға міндетті емес - оның табиғи жағдайының өзіндік экологиялық құндылығы бар.

Ұлттық парктің табиғат қорғау ережелері туристердің еркін тынығуын шектеуді емес, Бурабайдың қайталанбас табиғатын сақтауды көздейді. Осы талаптарды түсіну және әрбір келушінің жауапкершілік танытуы туризмді дамыту мен табиғи экожүйелерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Өйткені бүгін де, болашақта да Бурабайдың сұлулығын тамашалау мүмкіндігі табиғатқа дәл қазір қаншалықты ұқыпты қарайтынымызға байланысты.

Тэгтер:

Бурабай Оқжетпес тиін