«Емделу әркімге қолжетімді болуы керек»: «Әділет» алаңында емдік туризмдің дамытудың жаңа жолдары ұсынылды

Бүгін, 16:00 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанда мыңнан астам минералды бұлақ бар. Олардың 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы табиғи әлеуетті тиімді пайдалану, шипажайда емделуді азаматтар үшін қолжетімді ету, қызмет көрсету сапасын арттыру және отандық шипажай-курорттық мекемелерге инвестиция тарту мәселелері «Әділет» партиясы алаңында талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әділет» партиясының адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысына Құрылтай депутаттары, салалық министрліктердің, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдері қатысты.

«Әділет» партиясы шипажай-курорттық саланы дамыту мәселесін жазда, сайлауалды науқан кезінде де көтерген болатын. Сол кезде Ақмола облысының Бурабай ауданында партия өкілдері туризм және шипажайда емдеу саласының қызметкерлерімен кездесіп, саланы дамыту перспективалары мен жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында агротуризмді, отбасылық қонақүйлерді, қолөнер шеберханаларын және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау көзделген. Мұндай тәсіл ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға, шағын бизнесті дамытуға және туристерге өңірлердің табиғаты, мәдениеті мен дәстүрлерімен байланысты жаңа туристік бағыттарды ұсынуға мүмкіндік береді.

Бүгінде сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру аясында депутаттар шипажай-курорттық саланы дамыту үшін заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажеттігін зерделеп жатыр.

Кездесуді ашқан «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев шипажайлар ішкі туризмді дамытуда ғана емес, аурулардың алдын алуда, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруде және өңірлердің экономикасын нығайтуда да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда шипажай-курорттық салада 333 ұйым тіркелген, олардың 86%-ы – жекеменшік. Сонымен қатар саланы дамыту әлеуеті еліміздің барлық дерлік өңірінде бар.

«Шипажайда ем алу азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді болуы – ұлт денсаулығын нығайту мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Ол үшін шипажайлардың инфрақұрылымы мен медициналық жабдықтарын жаңғырту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды емдеу мүмкіндіктерін кеңейту және жеке инвестиция тарту қажет. Сонымен қатар шипажай-курорттық саланы дамыту бірегей табиғи кешендерді сақтаумен, экологиялық парктер құрумен және табиғи емдік ресурстарды ұқыпты пайдаланумен қатар жүруге тиіс», – деп атап өтті ол.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – шипажайлық-курорттық емдеу туралы жеке заң әзірлеу мүмкіндігі болды. Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, бұл мәселені зерделеуге қазірдің өзінде төрт бейінді комитеттің депутаттары кіріскен. Олар министрліктермен, әкімдіктермен және сарапшылармен бірлесіп, саланы одан әрі дамыту үшін қандай заңнамалық өзгерістер қажет екенін айқындауға тиіс.

«Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта жеке заң жобасын және табиғи аймақтарға, жер қойнауына, сондай-ақ емдік суларға қатысты ілеспе түзетулер әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деді депутат.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов заңнамада медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеу ұғымдарын ажыратуды ұсынды. Егер оңалту ауыр сырқаттардан, жарақаттар мен операциялардан кейін адамның денсаулығын қалпына келтіруге бағытталса, шипажайлық емдеу аурулардың алдын алу мен денсаулықты нығайтуды да қамтиды.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі шипажайлық-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеуді және Қазақстанның табиғи емдік ресурстарының құрамы, қасиеттері мен медициналық көрсетілімдері туралы ақпарат қамтылған бірыңғай дерекқор құруды ұсынды.

Кездесуге қатысушылар шипажайлық емдеудің азаматтар үшін қолжетімді болуына да ерекше назар аударды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 151 мыңнан астам жолдама беріліп, 103 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, бүгінде азаматтар 146 қызмет көрсетуші тіркелген Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өз бетінше таңдай алады.

Шипажайларды дамыту ішкі туризм үшін де қосымша мүмкіндіктер ашады. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы қазақстандық шипажайларда 413 мыңнан астам адам демалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов жұмыс істеп тұрған шипажайлар туралы ақпаратты жаңартуды, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды және демалушыларды жыл бойы қабылдауға мүмкіндік беретін сауықтыру туризмін дамытуды ұсынды.

Саланың тағы бір даму бағыты ретінде мамандандырылған шипажайлар желісін қалыптастыру мәселесі қарастырылды. Мұндай мекемелерде емдеу бағдарламалары нақты ауру түрлері мен жергілікті табиғи ресурстардың қасиеттеріне қарай әзірленуі мүмкін. Бұл туралы Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина айтып берді.

Кездесуде салаға қажетті мамандар даярлау мәселесі де талқыланды. Бүгінде Қазақстандағы 281 колледж туризм және қонақжайлылық саласы бойынша кадрлар даярлайды. Оқу-ағарту министрлігі шипажайлардың қажетті мамандарды даярлауға қатысты өтінімдерін, оның ішінде кейіннен жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыра отырып, қабылдауға дайын.

Бұдан бөлек, қатысушыларға пациенттерді есепке алуға және шипажайлық емдеуді қаржыландыруды бақылауға мүмкіндік беретін отандық «e-Шипажай» цифрлық платформасы таныстырылды. Жүйе бюджет қаражатын тартпай-ақ, «Бурабай» шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткізілген.

Кездесу қорытындысында Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев денсаулық сақтау, туризм, инвестиция тарту және табиғи емдік ресурстарды сақтау мәселелерін бір арнаға тоғыстыратын шипажай-курорттық саланы дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, бейінді министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен одан әрі пысықтау үшін ұсыныстар әзірлейді.