Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында балық аулау кезінде жоғалып кеткен 64 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды. Оның мәйіті бірнеше күннен кейін су ішінен табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ер адам 18 қарашада Шахан кентінен Беталыс көліне балық аулауға келген. Су айдыны Қарқаралы қаласынан 14 шақырым жерде, «Әсел» шаруа қожалығының маңында орналасқан.
22 қарашада басталған іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды. Құтқару операциясына жеті құтқарушы қатысты. Су айдынын тексеру үшін екі жүзу құралы мен үш техника пайдаланылды.
Іздестіру кезінде жедел-құтқару жасағының мамандары жағадан шамамен 300 метр қашықтықтан жоғалған адамның аяқ киімі мен балық аулау құралдарын тапқан.
Сағат 19:05-те ер адамның мәйіті жағадан 300 метр қашықтықта, төрт метр тереңдіктен табылып, судан шығарылды.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
«Балық аулауға шыққанда, әсіресе күн суық мезгілде, ауа райы мен су айдынының жағдайын дұрыс бағалау маңызды. Су айдынына жалғыз бармаңыздар. Жақындарыңызға қай бағытқа бара жатқандарыңызды және қай уақытта оралатыныңызды міндетті түрде хабарлаңыздар. Қарапайым сақтық шараларын сақтау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп атап өтті ТЖД өкілдері.
Бұған дейін Қарағанды облысында балық аулау кезінде үш балықшының қаза тапқаны хабарланған болатын.