Абай облысындағы мектеп-интернат 10 айдан астам уақыт күзетсіз қалған

Бүгін, 15:15 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Абай облысы Көкпекті ауданының прокуратурасы ерекше режимде ұсталатын облыстық арнайы мектеп-интернаттың қызметінде заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, мекеме 10 айдан астам уақыт бойы күзетсіз қалған, 33 бейнебақылау камерасының 9-ы істен шыққан, өрт дабылы мен дабыл түймесі жұмыс істемеген. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбалары сақталмаған, ал аумақ қоршауының бүлінуі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Сондай-ақ балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және оларды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету барысында кемшіліктер анықталды.

Бұдан бөлек, 11, 5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заңбұзушылықтар, мекеме басшысына үстемеақының негізсіз төленуі және іссапар шығыстарына қатысты заңбұзушылықтар анықталды.

Анықталған фактілер бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 424 және 410-баптарына сәйкес әкімшілік істер қозғады.

Абай облысының білім басқармасына заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту туралы ұсыну енгізілді.

Тәрбиеленушілердің құқықтарын қалпына келтіру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.