Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев бүгін Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, елімізде орта бизнесті дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасындағы үлесі артқанымен, орта бизнестің үлесі әлі де төмен. Осыған байланысты депутат шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне өтуіне жағдай жасап, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазақстан кәсіпкерліктің кең базасын қалыптастырды, алайда компаниялардың келесі сапалы жоғары экономикалық масштабқа өтуі шектеулі күйінде. Мемлекетке шағын бизнестен орта бизнес дәрежесіне өтуге ынталандыру мен мотивация жасап, орта бизнесті ел экономикасының тірегі, әрі «Ұлттық игілікке» айналдыру маңызды. Себебі орта компаниялар шет елмен технологиялық бәсекелестікке түсіп, халықаралық нарыққа жоғары өнеркәсіптік бөліністегі тауар шығаруға қауқарлы болады», – дейді депутат.
Жеке кәсіпкерлер саны азайды
2026 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,14 миллионнан асқан. Оның 1,98 миллионы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде 560 мыңнан астам заңды тұлға және 1,65 миллион жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 452 675 заңды тұлға мен 1 586 140 жеке кәсіпкер өз қызметін жалғастырып келеді. Кәсіпорындардың басым бөлігі – шағын бизнес өкілдері. Тіркелген 560 223 заңды тұлғаның 550 650-і шағын кәсіпорындарға жатады. Ал орта кәсіпорындардың саны – 6 979, ірі кәсіпорындар – 2 594.
Қазір еілімізде 443 195 шағын, 6 904 орта және 2 576 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл еліміздегі бизнестің басым бөлігі шағын кәсіпкерлікке тиесілі екенін көрсетеді.
Елімізде кәсіпкерлер ең көп жұмыс істейтін сала – сауда. Тіркелген заңды тұлғалардың 26,1%-ы көтерме және бөлшек саудамен айналысады. Одан кейін құрылыс саласы (13,6%) мен түрлі қызмет көрсету саласы (10%) тұр. Яғни елдегі заңды тұлғалардың жартысына жуығы осы үш бағытта жұмыс істейді. Дара кәсіпкерлер арасында да сауда саласы бірінші орында. Олардың 38,3%-ы саудамен айналысады. Ал 14,8%-ы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында, 13,8%-ы түрлі қызмет көрсету бағытында еңбек етеді. Осылайша, жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі сауда, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын таңдаған.
Дейтұрғанмен елімізде дара кәсіпкерлер саны азайған. 2026 жылғы қазанда тіркелген жеке кәсіпкерлер саны қыркүйекпен салыстырғанда 0,15%-ға кеміген. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға азайған. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны да бір айда 0,2%-ға, бір жылда 12,3%-ға кеміген. Дегенмен бұл кәсіпкерлердің бизнесін жаппай жауып жатқанын білдірмейді. Бюроның дерегінше бұған бір себеп – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимінің енгізілуі. Соның нәтижесінде кейбір жеке кәсіпкерлер осы жаңа режимге ауысып, дара кәсіпкерлердің жалпы статистикалық санынан шығарылған.
Орта бизнеске өтуде қандай кедергілер бар?
Экономика ғылымдарының кандидаты, сарапшы-экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі кедергі – шағын бизнестің орта бизнес деңгейіне өсуіне тосқауыл болатын салықтық және әкімшілік жүктеменің артуы.
«Менің ойымша, Қазақстандағы басты мәселе – бизнесті ашу емес, оны өсірудің қиындығы. Бүгінде кәсіпкер шағын бизнес ретінде жұмыс істегенде бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады. Алайда қызметкерлер санын көбейтіп, айналымын ұлғайтып, орта бизнес деңгейіне жақындаған кезде оның салықтық және әкімшілік міндеттемелері де арта бастайды. Осы жерде кәсіпкердің алдында таңдау пайда болады: бизнесті кеңейту немесе қалыптасқан шағын кәсіпорын деңгейінде қалу», – дейді маман.
Маманның пайымынша, бұған бірнеше фактор әсер етеді:
– Салықтық кедергілер. Салық режимдерінің өзгеруі, есептіліктің күрделенуі және айналым өскен сайын туындайтын қосымша міндеттемелер кәсіпкердің кеңеюге деген ынтасын төмендетуі мүмкін.
– Қаржының қолжетімсіздігі. Шағын кәсіпкерге айналым қаражаты қажет болса, өндірісті кеңейту үшін ұзақ мерзімді әрі қолжетімді инвестициялық несие керек. Ал жоғары пайыздық мөлшерлеме мұндай жобалардың тиімділігін төмендетеді.
– Әкімшілік кедергілер. Жер алу, инфрақұрылымға қосылу, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу уақыт пен қаражатты талап етеді.
– Өткізу нарығының тарлығы. Кәсіпкер өнім өндіргенімен, оны тұрақты өткізуге кепілдік жоқ. Ірі компаниялардың жеткізу тізбегіне кіру де оңай емес.
– Білікті мамандар тапшылығы. Өндірісті ұлғайту үшін технология, менеджмент, маркетинг және кәсіби кадрлар қажет.
«Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар: кейбір кәсіпкерлер бизнесті әдейі бірнеше шағын заңды тұлғаға бөліп жүргізуге мүдделі болуы мүмкін. Бұл құбылыс бизнестің нақты өсуіне емес, шағын мәртебеде қалуға ынталандыратын жағдайлар бар екенін көрсетеді. Сондықтан біз кәсіпкерліктің санын ғана емес, шағын бизнестен орта бизнеске өткен кәсіпорындардың санын да негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде қарастыруымыз керек», – дейді сарапшы.
Мемлекеттік қолдауды үш бағытқа бөлу қажет
Сарапшының пікірінше, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі бөлінген несие мен субсидия көлемімен емес, кәсіпорындардың өндірісін ұлғайтуы, жаңа жұмыс орындарын ашуы және шағын бизнестен орта бизнеске өтуі сияқты нақты экономикалық нәтижелермен бағалануға тиіс.
«Біз кәсіпкерге қанша миллиард теңге несие берілгенін, қанша жоба субсидияланғанын есептейміз. Бірақ сол кәсіпорынның үш жылдан кейін өндіріс көлемі қаншаға өсті, қанша жаңа жұмыс орны ашылды, экспортқа шықты ма, шағын бизнестен орта бизнеске өтті ме деген сұрақтарға жеткілікті мән бере бермейміз. Яғни мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қаржының игерілуімен емес, экономикалық нәтижесімен бағалау қажет», – дейді Б.Ысқақ.
Маман осы ретте үш негізгі мәселені баса атап өтті.
Біріншіден, қолдау қаржысының басым бөлігі бизнестің дамуына емес, оның күнделікті қызметін сақтап қалуға бағытталып кетеді.
Кәсіпкерге арзан несие беру маңызды. Бірақ ол қаржыны жаңа жабдық сатып алуға, өндіріс орнын кеңейтуге, технология енгізуге және өнімділікті арттыруға жұмсай алуы керек.
Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаларда шағын бизнестің өсу траекториясы жеткілікті ескерілмейді.
«Мысалы, шағын наубайхана ашқан кәсіпкерді алайық. Ол бастапқыда бірнеше адамды жұмыспен қамтиды. Кейін өндірісті кеңейтіп, нан өнімдерін бірнеше ауданға жеткізгісі келеді. Бірақ оған жаңа жабдық, ғимарат, айналым қаражаты және өткізу нарығы қажет. Осындай кәсіпкерге бір реттік грант емес, бизнестің әр кезеңіне арналған кешенді қолдау керек», – дейді сарапшы.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау жүйесін өзгерту қажет. Мәселен, субсидия алған кәсіпорын үш жылдан кейін:
- өндіріс көлемін қанша пайызға арттырды;
- қанша тұрақты жұмыс орнын ашты;
- салық түсімін қаншаға көбейтті;
- отандық өнім үлесін және экспорт көлемін ұлғайтты ма?
Бауыржан Ысқақ мемлекеттік қолдауды бизнестің үш даму кезеңіне – бастапқы, өсіп келе жатқан және орта бизнеске айналуға дайын кәсіпорындарға қарай саралау қажет деп санайды.
«Бастапқы бизнеске – кәсіп бастауға, оқытуға және алғашқы қаржыландыруға қолдау. Өсіп келе жатқан бизнеске – жеңілдетілген инвестициялық несие, лизинг, кепілдік беру және инфрақұрылымға қолжетімділік. Орта бизнеске айналатын кәсіпорындарға – экспортқа шығу, технологиялық жаңғырту, ғылыми әзірлемелерді енгізу және ірі компаниялардың жеткізу тізбегіне қосылу мүмкіндігін беру.
Сонымен бірге мемлекеттік сатып алуда отандық шағын және орта кәсіпорындарға ұзақ мерзімді әрі болжамды тапсырыстар берудің маңызы зор. Өйткені кәсіпкерге тек арзан несие емес, ертең өндірген өнімін кімге сататынын білу де қажет», – дейді маман.
Орта бизнес тек Астана мен Алматыда шоғырланбауы керек
Нұрбақыт Теңізбаев өз сауалында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында орта бизнес мөлшерін 20 пайызға жеткізу міндеті белгіленгенін атап өткен-тін. Бауыржан Ысқақ мұны экономикалық тұрғыдан маңызды екенін айтып жеткізді.
«Менің ойымша, бұл – экономикалық тұрғыдан маңызды әрі ұзақ мерзімді мақсат. Бірақ оған тек әкімшілік жолмен немесе мемлекеттік қаржыландыруды көбейту арқылы жету мүмкін емес. Мұнда нақты статистикаға назар аударған жөн. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі жалпы үлесі 40,9%-ға жеткен. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша шағын кәсіпкерліктің үлесі 33,7%, орта кәсіпкерліктің үлесі небәрі 7,2% болған.
Осы орайда мен Үкіметке мынадай бес жүйелі бағытты ұсынар едім.
1. Салық жүйесінде бизнестің өсуіне кедергі жасамау.
Кәсіпкердің айналымы артқан сайын оның салықтық және әкімшілік жүктемесі күрт өспеуі керек. Бизнес шағын санаттан орта санатқа өткен кезде бейімделу кезеңі қарастырылғаны жөн.
2. Өңдеу өнеркәсібіндегі орта кәсіпорындарды көбейту.
Қазақстанда сауда мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік белсенді. Бірақ экономиканың тұрақты дамуы үшін азық-түлік өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені сияқты салаларда орта кәсіпорындар көбейуі қажет.
3. Қолжетімді ұзақ мерзімді қаржыландыру қалыптастыру.
Жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында кәсіпкердің инвестициялық несие алуы қиын. Сондықтан өндірістік жобаларға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру, кепілдік беру және лизинг құралдарын дамыту маңызды.
4. Ірі бизнес пен шағын бизнестің кооперациясын күшейту.
Мұнай-газ, тау-кен, энергетика, құрылыс және көлік салаларындағы ірі компаниялардың айналасында отандық жеткізушілер қалыптасуы керек. Мысалы, ірі компания қажетті бөлшектердің, жабдықтардың және қызметтердің бір бөлігін еліміздегі орта кәсіпорындардан сатып алса, бұл жаңа өндірістердің пайда болуына мүмкіндік береді.
5. Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту.
Орта бизнес тек Астана мен Алматыда шоғырланбауы керек. Әр облыстың экономикалық ерекшелігіне қарай өндірістік мамандану қалыптасуы қажет. Бір өңірде ет өңдеу, екінші өңірде сүт өндірісі, үшінші өңірде құрылыс материалдары мен машина жасау дамуы мүмкін», – дейді маман.
Сөз соңында Нұрбақыт Теңізбаев орта бизнесті дамыту және оның санын арттыру үшін төрт нақты ұсыныс білдірді:
1. Шағын бизнестен орта бизнеске өсу әлеуеті бар компанияларды қолдаудың нақты нәтижелерін ұсыну.
2. Мемлекеттік қолдау құралдарының бизнес өсіміне әсерін тұрақты бағалау.
3. Еліміздегі 3000-ға жуық орта компанияны «Ұлттық игілік» әрі экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде ерекше қолдауға алу маңызды.
4. Орта бизнес субъектілерінің санын арттыру үшін салалық және аймақтық жоспарлар әзірлеу.