Гидтердің біліміне қойылатын талаптарды күшейту керек – Марат Себасов

Бүгін, 12:39 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Марат Себасов Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа еліміздің тарихи, мәдени және қасиетті нысандарына экскурсия ұйымдастыратын гидтерді кәсіби даярлау және оларды сертификаттау жүйесін жетілдіру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан тарихи-мәдени мұраны сақтау, туризмді дамыту және ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында маңызды қадамдар жасап жатыр. Алайда туристік ағынның өсуі туристерге, оның ішінде шетелдік азаматтарға ұсынылатын ақпарат сапасы мен шынайылығын өзекті етіп отыр. Әсіресе тарихи ескерткіштерге, кесенелерге, жерасты мешіттеріне, некропольдерге, тарихи тұлғаларға қатысты орындарға және өзге де рухани-киелі объектілерге экскурсия жүргізу кезінде гидтің тиісті объект бойынша арнайы даярлығы аса маңызды.

Бүгінде гидтің жалпы кәсіби тәжірибесі оның нақты тарихи-мәдени немесе киелі орын бойынша терең білімін толық растай бермейді. Соның салдарынан туристерге бір объект туралы әртүрлі, кейде ғылыми негізі жоқ, ойдан шығарылған деректер айтылып, ұлттық тарихымыз бен рухани құндылықтарымыздың беделіне нұқсан келетін жағдайлар болып жатыр. Нәтижесінде шетелдік қонақтар гидтің сөзін еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы негізгі дереккөзі ретінде қабылдайтындықтан, бұл мәселе аса маңызды», – деді ол

Депутаттың сөзінше, ұлттық тарих пен киелі мұра жеке көзқарастың, коммерциялық мүдденің немесе еркін интерпретацияның нысанына айналмауға тиіс. Осыған байланысты Марат Себасов Қазақстанда гидтерді туристік бағыттар бойынша сертификаттау жүйесін енгізіп, олардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды.

«Қолданыстағы заңнамада гидтер қызметін реттеу және жауапкершілік көзделгенімен мәдени мұралардың ерекшеліктерін ескеретін кәсіби мамандану мен сертификаттау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі бар.

Осыған байланысты келесі шараларды ұсынамын:

Біріншіден, гидтердің жалпы кәсіби мәртебесімен қатар нақты объект немесе туристік бағыт бойынша құзыреттілігін растау тетігін енгізу (мысалы, Маңғыстау мен Түркістан облыстары бойынша сертификатталған гид). Осы ретте мамандардың біліміне қойылатын талаптарды күшейтіп, гидтерді аттестаттаудың бірыңғай операторы – «Kazakh Tourism» базасында жүзеге асыру тетігін қарастыру немесе өңірлік ерекшеліктер мен жергілікті тарихты терең меңгерген кадрларды даярлау үшін жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық әлеуетін кеңінен тарту айрықша маңызға ие. Атап айтқанда, өңірдегі жетекші университеттердің базасында арнайы біліктілікті арттыру курстары мен сертификаттау орталықтарын ашу жергілікті жастарды жұмыспен қамтуға және сапалы мамандар шоғырын қалыптастыруға зор серпін береді.

Екіншіден, туристік объектілер бойынша бірыңғай ақпараттық карталар әзірлеу. Онда ғылыми фактілер, зерттеу нәтижелері, тарихи нұсқалар, рухани дәстүрлер мен халық аңыздары арасындағы шекара нақты ажыратылып, туристерге ұсынылатын ақпараттың ғылыми негізділігі қамтамасыз етілуі тиіс.

Үшіншіден, рухани-киелі туризм гидтеріне арналған арнайы даярлау бағдарламасын енгізу. Бағдарлама Қазақстан тарихын, руханият негіздерін, этнографияны, археологияны, мәдениеттануды, кәсіби этиканы және киелі орындардағы тәртіп қағидаларын қамтуы қажет.

Сонымен қатар, гидтер қызметіне қойылатын заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 187-бабындағы 15 АЕК айыппұл мөлшерін қайта қарау мәселесін қарастыру қажет», – деді Марат Себасов.

Оның сөзінше, тарих – туристерге әсер қалдыру құралы емес, ол ұлттың жады. Киелі орындарымыздың тарихы мен рухани мәні кәсіби білімге, ғылыми негізге және ұлттық құндылықтарға деген құрметке сүйене отырып дәріптелуге тиіс. Аталған іс шаралар туристік қызмет сапасын арттыруға, тарихи деректердің нақтылығын сақтауға және Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.