Петропавлда көпқабатты үйде 90 отбасы күздің қара суығында жылусыз отыр. Оған қоса үйде ыстық су да жоқ. Тұрғындар электр жылытқыштарды пайдаланып, күнелтуге мәжбүр. Бұл жайтқа қатысты жергілікті билік өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды "Жетінші" арна.
91 жастағы Надежда Руденко – тыл еңбеккері. Пәтерінде қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүр. Әсіресе түнгі уақытта баспанадағы температура тіптен төмендеп, жылына алмай берекесі қашатынын айтады. Қазір кейуана амалдың жоқтығынан электр пешін пайдаланып отыр.
"Жылыту маусымы басталғалы осындай проблема. Ас бөлмесіндегі батерея сол күйі жылынбады. Сондықтан электр құрылғысын қолданып отырмыз. Ол қалтаға артық салмақ салады. Мәселен өткен айда коммуналдық төлемді әдеттігеден екі есе көп төледім", - дейді ол.
Қала орталығында орналасқан көпқабатты үйде 90 отбасы тұрып жатыр. Дені – зейнеткерлер. Күздің қара суығында бүрсең қаққан халық, қыста жағдай не болады деп алаңдап отыр. Мұнымен қоса ыстық судың жоқтығы, жығылғанға жұдырық болған.
"Кішкентайымды шомылдыру үшін шәйнекке су жылытамын. Еден мұздай. Балалар түнде киіммен ұйықтайды. Өзіміз де үнемі қалың шұлық киіп жүреміз. Жағдай реттелмесе, қыста күніміз не болмақ?", - дейді тұрғындардың бірі Екатерина Вагнер.
Тағы бір тұрғын Алик Зиверт мәселенің екі айдан бері шешімі табылмай отырғанын айтады.
"Екі айдан бері мәселенің нақты себебін ешкім таба алмай отыр. Ауыстырмаған құрылғы қалмады. Батарея қызса, ыстық су жоғалады. Ал ыстық су пайда болса, жылудан тарығамыз. Халықтың мәселесі жергілікті әкімдікпен жылумен қамту кәсіпорынына жолданды. Қазір осы сұраққа қатысты әкімдік өкілдері тексеріс жүргізіп жатыр", - дейді ол.
Ал қала әкімінің баспасөз хатшысының сөзінше, бірінші қабаттағы шаштаразда олқылықтар анықталған.
"Бірінші қабатта шаштараз бар. Онда екі батарея бір құбырға жалғанғаны анықталды. Кәсіпкер болса бұл жұмысты еш рұқсатсыз жүргізген. Кейбір пәтер иелері қосымша кран орнатып алған. Енді бірінде радиаторлар ескіріп, бікетілген", - дейді Алена Хан.
Тұрғындар жауапты мекемелерден жылу беру жүйесін тез арада қалыпқа келтіруді талап етіп отыр.