Қандай әзілге күлетініне қарап адамның қандай екенін анықтауға болады

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Адамның интернеттегі мемдер мен әзіл суреттерге қалай қарайтыны оның мінезіндегі кейбір жасырын ерекшеліктерді анықтауға көмектесуі мүмкін. Ғалымдар жасанды интеллект адамның қандай әзілді күлкілі, ал қайсысын қатыгез деп санайтынын талдау арқылы психопатия мен садизмге тән қасиеттердің жоғары деңгейін белгілі бір дәлдікпен болжай алатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Individual Differences ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ресейдегі Жоғары экономика мектебінің зерттеушілері 200 адамға тәжірибе жүргізген. Қатысушыларға 71 түрлі әзіл сурет, мем және карикатура көрсетілген.

Әр суретті көргеннен кейін адамдар үш сұраққа жауап берген: әзіл қаншалықты күлкілі, қаншалықты мейірімді немесе қатыгез және ол кімге бағытталған? Қатысушылар жауаптарын тоғыз балдық шкала бойынша бағалаған.

Кейін олар адамның мінезіндегі төрт ерекшелікті анықтауға арналған психологиялық сауалнаманы толтырған. Психологияда бұл қасиеттер «қараңғы тетрада» деп аталады.

Оған нарциссизм, психопатия, макиавеллизм және күнделікті садизм жатады. Нарциссизм адамның өзін өзгелерден жоғары қоюымен, психопатиялық қасиеттер эмоциялық салқындық пен жанашырлықтың төмендігімен, макиавеллизм өз мақсаты үшін адамдарды айламен басқаруға бейімділікпен, ал садизм өзгенің қиналғанынан ләззат алумен сипатталады.

Ғалымдар осыдан кейін қатысушылардың әзілдерге берген бағасын жасанды интеллект көмегімен талдаған.

Нәтиже қызық болып шықты. Психопатиялық және садистік қасиеттері жоғары адамдар суреттерді жалпы алғанда күлкілірек деп бағалаған. Сонымен қатар олар кейбір әзілдердің қатыгез екенін де жақсы түсінген.

Яғни адам қатыгез әзілді күлкілі деп тапса, бұл оның ондағы қатыгездікті байқамағанын білдірмейді. Ол әзілдің біреуге ауыр тиюі мүмкін екенін түсіне тұра, оны қызық көруі ықтимал.

Жасанды интеллект психопатиялық қасиеттерді басқаларына қарағанда жақсырақ ажырата алған. Ең тиімді модельдің AUC көрсеткіші 0,82-ге жуықтаған. Бұл – екі түрлі топты ажырату қабілетін өлшейтін көрсеткіш, бірақ оны 82% дәл диагноз қойды деп түсінуге болмайды.

Садизмге қатысты нәтиже де салыстырмалы түрде жақсы болған. Нарциссизмді болжау қиынырақ болса, макиавеллизмге тән қасиеттерді анықтауда жасанды интеллект кездейсоқ болжаудан айтарлықтай жақсы нәтиже көрсете алмаған.

Зерттеу авторы Любовь Глинкинаның айтуынша, бұл тәжірибенің басты мақсаты – адамның мінезін тек сауалнама арқылы емес, оның күнделікті әрекеттеріне қарап та зерттеуге болатынын тексеру.

Өйткені психологиялық сауалнама толтырған кезде адамдар өздерінің жағымсыз қасиеттерін жасыруы немесе өзін шынайы бағалай алмауы мүмкін. Ал әзілге берілген жауап адамның эмоциялық реакциясын жанама түрде көрсетеді.

Дегенмен ғалымдар маңызды жайтты ескертеді: қара әзілді жақсы көру адамның психопат немесе садист екенін білдірмейді. Зерттеуде клиникалық диагноз емес, белгілі бір мінез ерекшеліктерінің салыстырмалы деңгейі қарастырылған.

«Бұл адамның ойын оқитын технология емес. Жүйе жеке адамның психологиялық жағдайына диагноз қоя алмайды. Қара әзілді ұнататын адамды психопат деп атауға ешқандай негіз жоқ», – дейді Глинкина.

Зерттеуге небәрі 200 орыстілді адам қатысқан. Оның үстіне әзілдің қабылдануы адамның мәдениетіне, тіліне, тәрбиесіне және жеке тәжірибесіне байланысты өзгеруі мүмкін.

Сондықтан ғалымдар болашақта зерттеуді басқа елдерде қайталап, бейнежазбалар, ауызша әзілдер және әлеуметтік желідегі мемдерге берілген реакцияларды да талдауды жоспарлап отыр.

Алайда зерттеушілер мұндай технологияны қызметкерлерді жұмысқа қабылдауда, адамдарды жасырын бақылауда немесе психологиялық тұрғыдан таңбалауда қолдануға болмайтынын ерекше атап өтеді.

Ғалымдардың негізгі тұжырымы – әзілге деген талғам адамның мінезі туралы белгілі бір ақпарат беруі мүмкін. Бірақ біреудің қандай әзілге күлгеніне қарап, оның қандай адам екені туралы кесімді қорытынды жасауға болмайды.

Тэгтер:

психология әзіл