"Нәтижең жоқта бәрі өзгереді": Назым Қызайбай тосын жазба жариялады

Бүгін, 22:11 / Жамбыл Жайлау
Richard Pelham/Getty Images

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желіде жазба жариялап, үлкен спорттағы жетістік пен спортшыға деген көзқарас туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстандық боксшы кезінде қазақтан шыққан үш дүркін әлем чемпионы болуды мақсат еткенін еске салды. Оның айтуынша, ол алдына қойған мақсатына жетіп, берген уәдесін орындаған. Алайда Назым Қызайбай үлкен спортта нәтиже мен жеңіске байланысты адамдардың көзқарасы өзгеретінін жасырмады.

Спортшы өзінің жетістіктерінің артында ұзақ жылғы еңбек, төзімділік пен тәртіп жатқанын атап өтті.

"Айтқан сөзімде тұрдым. Мен үшін сөз – жай ғана сөз емес, ол жауапкершілік. Арты – еңбек, тәртіп пен барымды салу… Үлкен спортта бір шындық бар: нәтижең барда керексің, нәтижең жоқта бәрі өзгереді. Адамдар да, басшылық та, көзқарастар да уақытша. Ал сенің еңбегің, төзімің, құрбандықтарың мен жеткен жетістіктерің – сенің тарихың. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы – өз жолыма адал болу…" – деп жазды Назым Қызайбай.

Назым Қызайбай – Қазақстанның ең табысты әйел боксшыларының бірі. Ол әлем чемпионаттарында бес рет жүлдегер атанып, соның үшеуінде алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді.

Тэгтер:

бокс Назым Қызайбай