Қазақстандық әлем чемпионы сотталған азаматтың ерекше өтінішін орындады

Бүгін, 20:09 / Жамбыл Жайлау
Қазақстан күрес федерациясы

Қазақстандық ММА шебері, әлем чемпионы Василий Тахтай түзеу мекемесінде кездескен азаматтың өтінішін орындап, оның ұлын өз спорт залына жаттығуға шақырды. Спортшының бұл әрекеті әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірнеше күн бұрын Василий Тахтай әлеуметтік желідегі парақшасында түзеу мекемесінде түсірілген бейнежазбаны бөліскен. Видеода сотталған азаматтардың бірі спортшыға жақындап, ұлының аралас жекпе-жек өнерімен айналысатынын, алайда отбасында қаржылық қиындықтар туындағанын айтып, көмек сұраған.

"Ұлым MMA-мен айналысады. Қазір қаржылай қиындықтар болып жатыр..." – дейді ер адам.

Оның өтінішін тыңдаған әлем чемпионы баланы өз спорт залына қабылдауға уәде берген.

Арада екі күн өткенде Василий Тахтай әлеуметтік желіде тағы бір видео жариялады. Бұл жолы кадрдан спортшының залына жаттығуға келген баланы көруге болады. Тахтай жас спортшыны қарсы алып, әкесіне берген уәдесін еске салған.

"Қош келдің! Әкеңе біздің командада жаттығасың деп уәде бергенмін. Ол маған сен үнемі бірінші-екінші орын алатыныңды айтты, рас па?" – деп сұрады чемпион.

Бала бұл сұраққа "Иә" деп жауап берген.

Василий Тахтай – Қазақстанның аралас жекпе-жек өнеріндегі танымал спортшыларының бірі. Ол джиу-джитсу, жауынгерлік самбо және панкратион бойынша Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ грэпплингтен Азия чемпионатында жеңіске жеткен.

Бұдан бөлек, ММА, панкратион және жауынгерлік джиу-джитсудан әлем чемпионы атағын иеленген. Спортшы кәсіби аралас жекпе-жектегі мансабын 2015 жылы бастаған. Жарияланған мәліметке сәйкес, ол 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 2024 жылдың қарашасында Тахтай UFC ұйымының бұрынғы спортшысы Уилл Чоуппен кездесіп, қарсыласынан басым түскен.

Қазір Василий Тахтай спорттық мансабымен қатар жаттықтырушылықпен де айналысады.

Тэгтер:

Василий Тахтай