Ақтауда заңсыз құмар ойын алаңын ұйымдастырғандар ұсталды

Бүгін, 17:17 / Алуа Арман
istockphoto.com

Маңғыстау облысы прокуратурасы Ақтау қаласының аумағында заңсыз жұмыс істеген құмар ойындар ұйымдастырылған орынды анықтап, қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылы сәуір мен қазан айлары аралығында бір топ адам арнайы жабдықталған үй-жайда ойын терминалдарын пайдаланып, ақшалай бәс тігулерді қабылдау және құмар ойындарын өткізу арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. 

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз ойын қызметін жүзеге асыру фактілері анықталды. Тергеу әрекеттері барысында ойын жабдықтары тәркіленді. 

Мамандардың қорытындыларына сәйкес, ақшалай бәс тігулердің жалпы сомасы 63 млн теңгеден асқан. 

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етуге жатпайды. 

Маңғыстау облысының прокуратурасы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салып, азаматтарды заңсыз ойын мекемелерінің қызметіне қатысудан аулақ болуға шақырады.

 

Тэгтер:

құмар ойын Ақтау бәс тігу