Қостанайдағы агротехникалық колледждің сабаққа келмеген 45 студенті оқудан шығарылды

Бүгін, 16:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай облысының Қарабалық ауданының прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжіне жүргізген тексеру барысында оқу процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру нәтижесінде 45 студенттің сабаққа іс жүзінде қатыспағанына қарамастан, колледжде білім алушылар қатарында тіркеліп келгені анықталды. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеп соққан.

Сонымен қатар, бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.

Бұдан бөлек, 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жай-күйінде кемшіліктер анықталды.

Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 45 студент оқудан шығарылып, 7 оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал колледж директоры атқаратын қызметінен босатылды.

Негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталып, жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Прокуратура білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, студенттердің құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

 

Тэгтер:

Қостанай облысы студент Колледж оқудан шығару