Өзбекстан сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың тізілімін жасамақ

Бүгін, 15:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Өзбекстанда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдардың электронды тізілімі құрылмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Жобаға сәйкес, адамды электронды тізілімге енгізуге соттың оны сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған заңды күшіне енген шешімі негіз болады.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адам туралы мәліметтер соттың айыптау үкімі (қаулысы) заңды күшіне енген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі тарапынан электронды тізілімге енгізіледі.

Тізілімдегі мәліметтер сотталғандық мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Егер азамат сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше қылмыс жасағаны үшін сотталса, олардың әрқайсысы туралы мәлімет жеке-жеке тіркеледі.

Электронды тізілімге енгізілген адамдарға бірқатар шектеу қойылады. Атап айтқанда, олардың мемлекеттік қызметке орналасуына, мемлекеттік наградалар алуға, сайланбалы және тағайындалатын лауазымдарға ұсынылуына, сондай-ақ мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер мен алқалы органдардың құрамына кіруіне тыйым салынады.

Бұдан бөлек, оларға жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар мен мемлекеттік білім беру мекемелерінде басшылық қызмет атқаруға шектеу қойылады. Сондай-ақ мұндай адамдар құрған және жарғылық капиталының 50 пайыздан астамына иелік ететін коммерциялық кәсіпорындарға да бірқатар шектеу енгізілмек. Бұған қоса, олардың мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысуына тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Осы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету үшін электронды тізілім мемлекеттік жұмысқа орналастыру жүйелерімен және мемлекеттік сатып алу порталдарымен интеграцияланады. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлер мен сатып алуға қатысатын компанияларды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Заңнамада белгіленген қолданыстағы шектеулер анықталған жағдайда, тиісті шешімдерді рәсімдеу бұғатталады.

Тэгтер:

Өзбекстан сыбайлас жемқорлық тізілім