Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан екі күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Бүгін, 14:05 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Түркістан облысында полицейлер бірнеше мал ұрлығы қылмысын ашты. Төрт мал ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікпен екі жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын қорасынан жылқысының ұрланғаны туралы арызданған. Полицейлер дереу жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Оқиға орны мен жақын маңдағы елдімекендерді тексеріп, ықтимал куәгерлерден жауап алды және бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеді. Нәтижесінде екі күдікті анықталып, ұсталды.

Күдіктілер ауыл тұрғындарының тағы бір жылқысын, бір бұзауы мен үш қозысын ұрлаған. Белгілі болғандай, күдіктілер ұрланған малды өздерінікі ретінде ет қабылдау орындарына өткізген. Заттай дәлелдеме ретінде мал терілері тәркіленді. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 2 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің екеуі де қамауға алынды.

Қазір аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.