Лондон полициясы бір апта ішінде 260-тан астам адамды ұстап, көшеден 500 пышақ тәркіледі. Ауқымды операция суық қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстармен күресуге бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
16-22 қараша аралығында Лондон полициясының қызметкерлері қылмыс деңгейі жоғары аудандарда бірқатар рейд жүргізді. Полицейлер көліктер мен жаяу жүргіншілерді тоқтатып, тексерді. Сондай-ақ, нақты уақыт режимінде бет-әлпетті тану жүйелерін пайдаланып, ірі көлік тораптарына пышақтарды анықтайтын арнайы құрылғылар орнатты.
Құқық қорғау органдарының жіті назарында сауда орындары да болды. Тыйым салынған суық қаруды сататын немесе кәмелетке толмағандарға пышақ өткізетін сатушыларды анықтау мақсатында 154 дүкенде бақылау арқылы сатып алу жүргізілді.
Әсіресе қаланың шығыс бөлігіндегі тінту жұмыстары нәтижелі болды. Полицейлер екі тұрғын үй мекенжайы бойынша жүргізілген тінту кезінде 175 қару тәркіледі. Олардың арасында серіппелі және жиналмалы пышақтар, батырма арқылы ашылатын пышақтар, сондай-ақ мачетелер бар.
Қалалық полицияның мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтармен күрес құқық қорғау органдары жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді. Полицейлер көшеде қару алып жүргендерді ұстаумен ғана шектелмей, оны жеткізу арналары мен заңсыз саудаға да тосқауыл қоюға басымдық беріп отыр.
Бұл жұмыстың нәтижесі жалпы статистикадан да байқалады. Соңғы 12 айда Лондонда пышақ қолдану арқылы жасалған тонау қылмыстарының саны 16,6 пайызға, ал мұндай қару пайдаланылған жалпы қылмыстар саны 8,1 пайызға азайған. Бұдан бөлек, өткен жылы Ұлыбритания астанасында халық санына шаққандағы кісі өлтіру деңгейі соңғы он жылдан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткішке жеткен.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға да айтарлықтай көңіл бөлінеді. Тек өткен жылдың өзінде Лондонда полиция тексерулері мен тінту жұмыстары барысында 3,8 мыңнан астам қару тәркіленген. Бұл пышақтар мен басқа да қауіпті заттар адамдарға қарсы қолданылмай тұрып, ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Әсіресе «зомби-пышақтар» деп аталатын қару түрі алаңдаушылық туғызып отыр. Олар – жүзі ұзын, шеттері ирек немесе бірнеше үшкір ұшы бар ірі пышақтар. Мұндай қарулар ауыр жарақат салуға арналған. Оларды сатуға және сақтауға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, қылмыстық оқиғаларда әлі де кездеседі.
Полицияның мәліметінше, биыл Лондонда 25 жасқа толмаған тұрғындар арасында болған зорлық-зомбылық сипатындағы ауыр оқиғалардың шамамен әрбір оныншысы осындай пышақтарды қолданумен байланысты болған.