Жамбылда құрдасына буллинг жасаған жасөспірімнің анасына айыппұл салынды

Бүгін, 12:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының Қордай аудандық соты құрдасына буллинг жасауға жол берген кәмелетке толмаған баланың анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың қазан айында Кенен ауылындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушыларының екеуі сыныптастарын қорлап, жәбірлеп, оның атына балағат сөздер айтқан. Олардың әрекеттері буллинг ретінде танылды.

Кәмелетке толмаған баланың анасы кінәсін мойындап, өкініш білдірді.

Жәбірленуші тарап қақтығыстың шешілгенін хабарлап, тараптардың татуласқанын және соттан жеңілірек жаза тағайындауды сұрады.

Сот кінәні мойындауды, өкініш білдіруді, кәмелетке толмаған балалардың болуын, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот қаулысымен азаматша Х. ӘҚБтК 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Тэгтер:

Айыппұл Сот Жасөспірім буллинг Жамбыл облысы үкім Қордай ауданы