Жігітті өлтіріп, денесін өртеген: Түркістан облысында 15 жастағы қызға үкім шықты

Бүгін, 11:46 / Алуа Арман
istockphoto.com

Леңгірде 20 жастағы жігітті өлтірген 9-сынып оқушысы 8 жылға сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамыр айында Леңгір қаласындағы қараусыз қалған ғимараттан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Көп ұзамай осы іске байланысты 9-сынып оқушысы ұсталды.

Тергеу мәліметінше, қыз кісі өлтіруді алдын ала жоспарлап, қылмысқа бір күн қалғанда пышақ сатып алған. Кейін ол жігітті кездесуге шақырып, кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұққан.

Жігіт қайтыс болғаннан кейін мектеп оқушысы сіріңке мен еріткіш сатып алып, оқиға орнына қайта оралып, мәйітті өртеген. Сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның денесінің шамамен үштен бір бөлігін күйік шалған.

Сот отырысында қыз жігіттің өзін зорламақ болғанын мәлімдеген. Алайда сот өкілдерінің хабарлауынша, бұл нұсқа өз дәлелін таппаған.

Сот оқушыны қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Тэгтер:

Сот үкім Леңгір