Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым Оразақ Ысмағұлов 96 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалым 1930 жылы Қостанай облысындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген.
1950 жылы Меңдіқара педагогика училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1958 жылы ол академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі Совет одағы Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына түсіп, білім алған.
1965 жылы "Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша" деген тақырыпта антропология мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1984 жылы ғылым докторы атанған.
1989 жылы ол Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды, көп жыл институтта еңбек етті.
Жүздеген ғылыми жұмыстың авторы атанған ғалым төрт мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен қазіргі заманғы қазақтардың сүйектерін салыстырып, олардың антропологиялық сәйкестігін анықтаған.