Астана мектебінде 7 мың кітаптан мұнара тұрғызылды

Бүгін, 08:11 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы №12 орта мектепте 7 мың кітаптан ерекше мұнара тұрғызылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаның авторы – педагог Жарқынәлі Ошаев. Бұған дейін ол көпшілікті қолөнер туындыларымен таңғалдырған. Бұл жолы ұстаз кітаптан ерекше арт-нысан жасап шығарды.

Астанада мектеп ұстазы 7 мың кітаптан ерекше мұнара тұрғызды

"Мұнараның ерекшелігі – оның ішінде шексіздік әсері пайда болады. Үлкен залдың ортасында орналасқан құрылым сырт көзге бірнеше метрден аспайтындай көрінеді. Алайда ішіне үңілген кезде мұнараның ұшы залдың төбесінен әлдеқайда биікке созылып жатқандай әсер қалдырады. Бұл оптикалық иллюзия еден мен төбеге орнатылған айналардың көмегімен жасалған", – дейді мұғалімдер.

Осы жобасы арқылы автор кітаптың адамзатқа шексіз білім мен ақпарат әлемінің есігін ашатынын жеткізгісі келген. Мұнараның нақты биіктігі – 8 метр.

Жобаны жүзеге асыру барысында қауіпсіздік талаптары толық ескерілген. Ал мұнараны құрастыруға қажетті кітаптарды педагогтер мен оқушылар жинап әкелген.